Ақтөбеде ер адам әдейі көлікке соғылып, жүргізушілерден ақша талап етіп жүрген

Ақтөбеде көлік қағып кеткен жаяу жүргінші ретінде көрсетіп, ақша бопсалаушы ер адам әшкереленді, деп хабарлайды Kursiv.media.
Kriminal Kazakhstan ақпаратынша, Жиенбаев пен Ташкентская көшелерінің қиылысында ер адам көліктерді күтіп тұрып, жаяу жүргіншілер жолағында өзін көлік қағып кеткендей көрсеткен.
Кейін ол аяғы ауырғанын айтып, жүргізушілерден жол-көлік оқиғасын ресми түрде рәсімдемеу үшін ақша талап еткен.
«Осы схема бойынша бір жүргізуші оған 250 мың теңге, ал екіншісі 200 мың теңге аударған. Жалпы шығын көлемі 450 мың теңге болған», – делінген полиция мәліметінде.
Кейін жүргізушілердің бірі алаяқтыққа күмәнданып, полицияға жүгінген. Күдіктінің кім екені анықталды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кететін жайт, Ақтөбеде 90-жылдардағыдай той кортежін жасағандар жауапкершілікке тартылды.