Ақмола облысында аудан әкімі сот ісін созғаны үшін айыппұл төлейді

Ақмола облысы Зеренді ауданының әкімі сот ісін қарауды созғаны үшін 10 АЕК мөлшерінде ақшалай өндіріп алу жазасына тартылды, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлауынша, тұрғын әкім мен оның аппаратына қатысты әкімшілік сотқа талап арыз берген. Ол төтенше жағдай салдарынан тұруға жарамсыз болған үйінің орнына тұрғын үй сатып алуды сұраған. 21 сәуірде сот аудан әкіміне тұрғын үй сатып алуды міндеттеді.
Алайда аудан әкімі сот актісіне апелляциялық шағым беру мерзімін өткізіп алып, оны қалпына келтіру туралы сотқа өтініш берген. Сот өтінішті қанағаттандырмай, апелляциялық шағымды кемшіліктерін түзету үшін қозғалыссыз қалдырған.
30 маусымда әкімнің өкілі сотқа апелляциялық шағымданып, Ақмола облысы әкімінің орынбасарымен келісілген құжатты қоса тіркеген. Бірақ құжатта қол, сондай-ақ, мемлекеттік орган мен соттың атауы, талап арыздың мәні және қабылданған шешімнің негіздемесі көрсетілмеген.
«Процестік міндетті белгіленген мерзімде орындамау істің қаралуын созбалауға әкелген. Осыған байланысты сот алқасы аудан әкіміне ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасын қолданды», – деп мәлімдеді сот.
Зеренді ауданының әкіміне 10 АЕК, яғни 43 250 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сот актісі заңды күшіне енді.
Айта кетейік, осыған дейін жұмыс орнында темекі шеккен қарағандылық шенеунік жауапқа тартылғанын жазған едік.