Көлік сатып алу неге тиімсіз – экономист түсіндірді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобыланбаев

Қазақстандық экономист Алмас Чукин автокөлікті инвестиция ретінде қарастыру тиімсіз деп есептейді. Оның айтуынша, көлікті сирек пайдаланатындар үшін такси мен автокөлікті жалға алу жеке көлік ұстағаннан арзанырақ болуы мүмкін. Бұл туралы КурсивАвто Digital Business-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Көлік сатып алғаннан кейін бірден арзандайды

Чукиннің пікірінше, көлік ұстаудағы басты қаржылық шығындардың бірі – оның құнының төмендеуі. Экономист құны шамамен 20 мың доллар болатын жаңа көлікті мысалға келтірді.

Оның бағалауынша, автокөлік сатып алынған сәттен бастап құнының шамамен 10%-ынан айырылуы мүмкін. Яғни иесі көлікті салоннан алып шыққанның өзінде шартты түрде 2 мың доллар жоғалтады.

Бір жылдан кейін көліктің бағасы тағы 10–15%-ға төмендеуі мүмкін. Бұл ретте иесі жанармайға, техникалық қызмет көрсетуге, тұраққа және басқа да шығындарға ақша жұмсауын жалғастырады.

Қай кезде такси мен көлік жалдау тиімді

Экономист автокөлікті сирек пайдаланатын адамдарға күнделікті жүріп-тұру үшін такси қызметін қарастыруды ұсынады. Ал қала сыртына немесе демалысқа ұзақ сапарға шыққанда көлікті жалға алған тиімді болуы мүмкін.

Бұл ретте қай нұсқаның арзанырақ екенін нақты айту мүмкін емес. Себебі жалпы шығын автокөліктің бағасына, жылдық жүрісіне, жанармай шығынына, техникалық қызмет көрсету құнына, тұрақ ақысына және такси тарифтеріне байланысты.

Сондықтан көлік сатып алар алдында оның бағасын ғана емес, бірнеше жыл ішінде көлікті ұстауға кететін жалпы шығынды да есептеген жөн. Көлікті көп жүргізетін адам үшін жеке автокөліктің экономикалық тұрғыдан тиімді жақтары болуы мүмкін. Ал аптасына бірнеше рет қана көлік пайдаланатын адам үшін жағдай басқаша.

Еске салайық, Қазақстанда жүрілген көліктер нарығы өсіп келеді. Алайда нарықтың ұлғаюымен бірге ақауы бар, жүрісі кері айналдырылған, жол апатына түскен немесе елге әкелінуіне қатысты заңдық мәселелері бар көлікке тап болу қаупі де артып отыр. Mycar Group басқарушы директоры Дмитрий Савченко жүрілген көлік таңдағанда нені ескеру керегін айтып берді.

Сондай-ақ оқыңыз