Халық кеңесіне бөлінген қаражат нақты неге жұмсалады

Үш жылға арналған бюджет жобасында Халық кеңесіне қарастырылған 1,7 млрд теңге қаражат қайда жүмсалатыны белгілі болды, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Құрылтай отырысынан кейінгі брифингте Халық кеңесі бюджеттік бағдарлама әкімшісі ретінде белгіленгенін жеткізді. Осыған байланысты оның жұмысын қамтамасыз етуге жеке бюджет қарастырылған.
«Халық кеңесі бюджеттік бағдарлама әкімшісі ретінде келді. Сәйкесінше, біз оған бюджеттен қаражат қарастырдық. 1,7 млрд теңгені тек кеңес қызметкерлерінің саны мен жалақысына қарай есептеу дұрыс емес», – деді Абзал Бейсенбекұлы.
Себебі кеңестің қызметі бір ғана ғимараттағы жұмыспен шектелмейді.
«Бұл жерде тек жалақы туралы айтып отырған жоқпыз. Халық кеңесі халықпен көптеген кездесу өткізеді, форумдар мен сессиялар ұйымдастырады. Іссапар шығыстары, қоғамдық кеңестер өткізу, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді қамтамасыз ету сияқты шығындар бар», – деді вице-министр.
Оның айтуынша, осы шығыстардың барлығы ескерілгенде, Халық кеңесінің жұмысын қамтамасыз етуге қажетті қаржы көлемі 1,7 млрд теңгеге жетеді.