Азамат Әмрин Ұлттық қорды толықтыратын екі негізгі көзді атады

Ұлттық қордың активтерін толықтырудың екі негізгі көзі бар. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Құрылтай отырысынан кейінгі брифингте айтты, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Вице-министрден БАҚ өкілі Ұлттық қордың таза валюталық активтерін 2029 жылға қарай 70,6 млрд долларға жеткізу үшін қаражат қандай көздерден түсетінін сұрады.
Азамат Әмриннің айтуынша, Ұлттық қорды толықтырудың алғашқы көзі шикізат секторынан түсетін салықтар. Атап айтқанда, мұнай секторынан түсетін түсімдердің барлығы Ұлттық қорға бағытталады.
Екінші көз – Ұлттық қор активтерін басқарудан түсетін инвестициялық кіріс.
«Біріншісі – шикізат секторының салықтары, яғни мұнай секторынан түсетін қаражаттың барлығы Ұлттық қорға түседі. Екіншісі – Ұлттық банктің осы активтерді дұрыс басқарып, барынша көп кіріс табуы. Қаражат түсетін екі көз – осы», – деді Әмрин.
Оның мәліметінше, Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2027 жылы 65,2 млрд доллар болады деп болжанып отыр. Ал 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 70,6 млрд долларға дейін ұлғаюы мүмкін.
«Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2027 жылы 65,2 млрд АҚШ доллары деңгейінде болжанып, 2029 жылы 70,6 млрд долларға дейін ұлғаяды деп күтілуде», – деді вице-министр.
Сондай-ақ ол Ұлттық қордағы ақшаны 2030 жылға қарай 100 млрд долларға жеткізу сәл кешігетінін жеткізген.