Маңғыстау облысында екі көлік соқтығысып, төрт адам қаза тапты

Маңғыстау облысында жол-көлік оқиғасынан төрт адам қаза тапты. Жол апатына жолда тұрған түйе себеп болған, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Қайғылы оқиға 16 қыркүйек күні сағат 20:30 шамасында Жетібай мен Шетпе ауылдары арасындағы тасжолда болған. Екі Toyota Camry марқалы көлік бетпе-бет соқтығысқан.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Жетібайдан Шетпеге қарай бағыт алған көліктердің бірі жолда тұрған түйені қағып кеткен. Соққыдан кейін көлік қарсы бағытқа шығып кетіп екінші Toyota Camry-мен соқтығысқан.
Жол апатының салдарынан төрт адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Тағы төрт зардап шегуші түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.
Полиция қылмыстық іс қозғады.
Тиісті сараптамалар тағайындалып, құқық қорғаушылар түйенің иесін анықтап жатыр. Екі автокөлік те арнайы айып тұрағына қойылды.
Бұған дейін Ақтөбе облысында да екі Camry көлігі соқтығысып, алты адам қаза тапқан еді.