Ресей дрон құрастыру үшін Солтүстік Кореядан 25 мың жұмысшы әкелді

Ресей Украинаға қарсы соғысқа қажетті дрон құрастыру үшін Солтүстік Кореядан 25 мың жұмысшы әкелген. Bloomberg-те жариялаған Санкцияларды мониторингтеу жөніндегі топтың (MSMT) баяндамасында осылай жазылған, деп хабарлайды Kursiv Media.
Зерттеушілердің дерегінше, солтүстік кореялықтар Татарстандағы «Алабұға» экономикалық аймағында еңбек етіп жатыр. Сол жердегі ирандық Shahed базасында дрон құрастырады.
Халықаралық санкцияларды айналып өту үшін Солтүстік Корея азаматтарын студент ретінде тіркеген. Оларға жылына 7500 доллар жалақы береді, бірақ ол қаржының басым бөлігін Корея билігі алып қояды. Кей жағдайда тіпті жалақыны тұтасымен беруге тура келеді деп жазылған баяндамада.
КХДР билігі жұмысшыларының жүріп-тұрысын, олардың шетелдіктермен байланысына дейін тексеріп отырады. Ал қашуға тырысқандардың Солтүстік Кореядағы туыстарын жазалайды.
Жұмысшылардан түскен қаражат КХДР-дың ядролық және баллистикалық зымыран бағдарламаларын қаржыландыруға жұмсалады. Бұл да БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын бұзады дейді MSMT зерттеушілері.
MSMT бағалауынша, 2025 жылдың соңында Ресейде 15-30 мың, ал Қытайда 20-70 мың солтүстік кореялық жұмысшы болған. Пхеньян Мәскеуді әлдеқайда тиімді бағыт деп санайды, себебі Ресейдегі жалақы Бейжіңге қарағанда бес есеге дейін жоғары болуы мүмкін.
Ресей Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы билік солтүстік кореялықтарға 36,4 мыңнан астам виза берген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен төрт есеге жуық көп. Олардың басым бөлігі, 35,8 мың виза, студенттік виза ретінде рәсімделген. MSMT есептеулеріне сәйкес, жалпы шетелде жұмыс істейтін солтүстік кореялықтар 2025 жылы Ким Чен Ын режиміне 800 млн долларға дейін табыс әкелген.
Бұған дейін Зеленский Ресей атынан Украинада Қытай әскерилері соғысып жүргенін де айтқан. Донецк облысында екі қытай әскері тұтқынға да түскен.