Күздің жылы күндері аяқталуға жақын: қазан айында ауа райы қандай болады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Қазан айында ауа райы қандай болады
Қазан айында ауа райы қандай болады / Фото: Делия Айдаралиева

«Қазгидромет» РМК синоптиктері күздің екінші айы – қазанда ел тұрғындарын қандай ауа райы күтіп тұрғанын болжады. Болжамға сәйкес, қазанда қыркүйекке қарағанда көбірек жауын-шашын жауады, орташа ауа температурасы негізінен +3…+10 градус, ал оңтүстік өңірлерде +11… +16 градус аралығында болады, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Синоптиктердің мәліметінше, қазан айында ауа райы ауысып, күзгі жылы күндер аяқталып, қыс алдындағы алғашқы суықтар басталады.

Солтүстік аймақтарда термометр бағаны қазанның аяғында-ақ нөлден төмен түссе, оңтүстікке суық қарашада жетеді. Бақылау мәліметтеріне сәйкес, жауын-шашын мөлшері қыркүйекпен салыстырғанда сәл көптеу түседі.

Биыл республиканың басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы қалыпты мөлшерден 1-2 градусқа жоғары болады деп болжануда. Ал Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облысының солтүстік-шығыс бөлігінде температура норма шамасында сақталады.

Жауын-шашын мөлшері

Ал жауын-шашын мөлшеріне келер болсақ, Батыс Қазақстан облысының басым бөлігінде, сондай-ақ Атырау мен Маңғыстау облыстарының батысында, Ақтөбенің солтүстігінде және Қостанай облысының солтүстік-батысында нормадан көп түседі.

Жамбыл облысының басым бөлігінде, Жетісу және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Қызылорданың оңтүстік-шығысында, Қарағандының оңтүстігінде, Абай облысында, Түркістан мен Алматы облыстарының солтүстігінде жауын-шашын мөлшері нормадан аз болады.

Бұған дейін синоптиктер қарқыны күшейіп келе жатқан Эль-Ниньо құбылысы Қазақстан климатына да әсерін тигізіп жатқанын хабарлаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз