«Атырау» футбол клубы Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны үшін 21,5 млн теңге қарыз болған

«Атырау» футбол клубының Түркиядағы қысқы оқу-жаттығу жиындарына байланысты 42 200 еуро, яғни шамамен 21,5 млн теңге қарызы бар, деп хабарлайды Kursiv.Sport.
Kazinform ақпаратына сүйенсек, мәліметті клуб растаған. Атыраулық команда биыл қыста Түркияның Анталья қаласында бір айға жуық уақыт оқу-жаттығу жиынын өткізген. Алайда жеті айға жуық уақыт өтсе де, жиындарға қатысты қаржылық міндеттемелер толық өтелмеген.
Клубтың мәліметінше, қарыз қазіргі басшылық қызметіне кіріскенге дейін қалыптасқан.
«Бұл қаржылық міндеттемелер клубтың қазіргі басшылығы жұмысын бастағанға дейін қалыптасқан. Қазіргі басшылық клубты басқаруға 2026 жылғы 17 сәуірден бастап кірісті және осы кезеңде бұрын қалыптасқан бірқатар қаржылық міндеттемені де өз мойнына алды», – деп хабарлады клуб.
Қазір клуб қарызды реттеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Қаржылық міндеттемелерді түркиялық тарап алдында кезең-кезеңімен өтеу жоспарланған.
Айта кетейік, «Атырау» стадиондағы жаңғырту жұмыстарына байланысты әзірге үйдегі матчтарын басқа қалада өткізіп жүр. «Судоремонтник» стадионын қайта жаңғырту жұмыстары осы айдың соңына дейін аяқталуы жоспарланған.
Айта кетейік, сәуір айында «Атырау» клубы жеке меншік басқаруға өтіп, енді оған кәсіпкер Болат Қонарбай иелік етеді.