«Шапито»: «Қайрат» бапкері «Астанамен» ойыны туралы қысқа қайырды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Фото: Kursiv.Media

Қазақстан премьер-лигасының 27-туры аясында өткен «Астана» мен «Қайрат» арасындағы тартысты кездесу кішігірім жанжал, ерекше мәлімдемемен аяқталды. Елордада өткен матчта «Астана» 1:0 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды Kursiv.Media

Кездесудің 11-минутында «Қайрат» жартылай қорғаушысы Әділет Садыбеков қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Бір ойыншыға кем қалған алматылықтар арада үш минут өтер-өтпестен гол жіберіп алды: 14-минутта Бартолецтің пасынан кейін Рамазан Кәрімов «Астананы» алға шығарды. Осы жалғыз гол матч тағдырын шешті.

«Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин ойыннан кейін журналистер алдына шығып, ойынға қатысты ұзақ талдау жасаудан бас тартты.

«Мен көп сөйлемеймін. Тек бір-ақ сөз айтамын да кетемін: Шапито!» – деді бапкер.

Осы қысқа да нұсқа сөзден кейін ол микрофонды қойып, баспасөз залынан шығып кетті. Бапкердің бұл әрекеті мен наразылығы, шамасы, ойын басында берілген қызыл қағаз бен төрешілердің шешімдеріне қатысты болса керек.

Шапито (француз тілінен «chapiteau») – жылжымалы цирк шатыры дегенді білдіреді. Ауызекі тілде әрі спорт контекстінде сөз орын алып жатқан оқиға салмағын жоғалтып, күлкілі циркке, әбігерге немесе арзан комедияға айналып кеткенін білдіретін метафора ретінде қолданылады.

Осылайша, Рафаэль Уразбахтин мәлімдемесі арқылы ҚПЛ-дағы төрешілікті, алаңдағы жағдай мен лигадағы кейбір шешімдерді тура мағынасында циркке теңеп, ел чемпионатында әділдік жоқтығына наразылығын білдірді.

Сондай-ақ оқыңыз