Министрлік Қашаған теңіз кен орнының қысқы маусымға дайындығын тексерді

Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров NCOC нысандарының Солтүстік Каспийдің қысқы маусымға дайындығын бағалады, деп хабарлайды Kursiv Media.
Министрлік өкілдері Каспий теңізінің акваториясына әуеден шолу жасап, жасанды «Д» аралына барды. Бастапқыда бұрғылау жұмыстарына арналған бұл нысан қазіргі уақытта пайдалану-технологиялық кешен ретінде қызмет атқарады және EPC2, EPC3 және EPC4 қосалқы аралдарын біріктіреді. Нысанды салу барысында шамамен 3,5 млн тонна тау жынысы пайдаланылған.
«Қашаған – әлемдегі ең күрделі теңіз жобаларының бірі. Операторға қойылатын негізгі талаптар – жабдықтардың апатсыз жұмыс істеуі, мамандардың қауіпсіздігі және Каспийдегі экологиялық стандарттардың қатаң сақталуы. Бұл әсіресе алдағы қысқы кезеңде аса маңызды», – деп атап өтті Ерлан Ақбаров.
Сапар барысында аралдың қорғаныш гидротехникалық құрылыстарының және Солтүстік Каспийдің мұз жағдайында жұмыс істеуге арналған кезекші мұзжарғыштар флотының дайындығы бағаланды.
Сонымен қатар вице-министр «Шапағат» және «Қарлығаш» тұрғын үй кешендеріндегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлармен танысты. Ол жоба операциондық қызметіндегі қазақстандық мамандардың үлесі 90 пайыздан асатынын атап өтті.
Еске сала кетейік, Экология министрлігі Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орнының операторына күкіртті рұқсат етілген көлемнен артық сақтағаны үшін айыппұл салған еді.