«Сақ қорғандары» аумағында рекреациялық парк құрылады

Сақ қорғандары аумағында рекреациялық парк құрылады. Бұл туралы Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының «Алматы Ақшамы» басылымында жарияланған мақаласында жазылған деп хабарлайды Kursiv Media.
Қала басшысы Боралдай қорымы, Есік өңіріндегі Сақ қорғандарына «Ұлы дала өркениетінің осы кеңістікте терең тамыр жайғанын көрсететін тарихи мұра» деп баға береді. Оның сөзінше, ол ескерткіштерді тек археологиялық нысан деп қабылдамау керек. Олар Алматының ежелгі тарихымен жалғасатын көпіріне айналған. Әлемдегі туристерді де осындай қайталанбас тарихы мен мінезі бар мекендер қызықтырады.
Осыған орай «Сақ қорғандары» аумағында парк құру деген шешім қабылданған.
«Сондықтан алғашқы қадамдардың бірі ретінде «Сақ қорғандары» аумағында рекреациялық парк құру көзделіп отыр. Алайда, Алматы тарихының туристік әлеуеті мұнымен шектелмеуге тиіс. Боралдайдан Есікке дейінгі көне қорғандар, Жібек жолының ізі, тарихи сәулет нысандары мен қаланың әр дәуірден жеткен мәдени қабаттарын өзара байланыстыратын тұтас тарихи-туристік кеңістік қалыптастыруға болады», – деп жазылған мақалада.
Сақ қорғандары – б.з.б. І мыңжылдықта Қазақстан аумағын мекендеген ерте көшпелі Сақ мәдениетіне жататын бірегей археологиялық ескерткіштер. Алматы қаласының солтүстік батысындағы Боралдай кентінің оңтүстік шығыс жағы, Үлкен Алматы өзенінің сол жағалауының жоғарғы жағында орналаласқан. Қорғандар темір дәуірінен қалған, адам баласы тиіспеген, ежелгі бейнесін сол қалпында сақтаған обалар деп есептеледі.
Мақалада Дархан Сатыбалды Алматының жан басына шаққандағы өнімі 30 мың доллардан асқанын атап өтіп, оның себебін түсіндірді.