Жыл басынан бері тоқсанға жуық адам коронавируспен ауырды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
unsplash, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Қазақстанда ЖРВИ жағдайлары өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен екі есеге аз тіркелді, деп хабарлайды Kursiv.media.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, тұмау жағдайлары тіркелген жоқ. Сондай-ақ елде бұрын белгісіз болған жаңа респираторлық вирустар анықталмаған.

«Денсаулық сақтау министрлігі қыркүйек айынан бастап ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша сырқаттанушылыққа апта сайын мониторинг жүргізіп келеді. Қыркүйек айының басынан бері елде 51 937 ЖРВИ жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 1,8 есеге төмен», делінген хабарламада.

Министрлік мәліметінше, COVID-19 бойынша да төмендеу байқалады. 2026 жылдың басынан бері коронавирус инфекциясының 87 жағдайы тіркелді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,3 есеге аз. COVID-19 басқа да маусымдық респираторлық вирустармен қатар айналымда жүр.

Айта кететін жайт, ақпан айында ел аумағында SARS-CoV-2 нұсқаларының айналымына жүргізілген соңғы мониторинг деректеріне сәйкес, «Омикрон» штамының XFG желісінің субнұсқалары анықталған еді.

Сондай-ақ оқыңыз