Медеу мен Шымбұлақ арасында автобус қатынауы мүмкін

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Медеу мен Шымбұлақ арасында арнайы автобустар қатынайтын болады/фото: KursivMedia архиві

Алматыда «Медеу» және «Шымбұлаққа» көлікпен кіруге шектеу енгізілді. Оның орнына Медеу мен Шымбұлақ арасында арнайы автобустарды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы мәслихат отырысында қаланың экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бахтыгереев айтты. 

Сөзінше, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық көлікке Шымбұлаққа қарай өтуге шектеу қою пысықталып жатыр. Осы жағдайда қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы балама жол қарастырылады.

«Медеу мен Шымбұлақ арасында автобус іске қосу жоспарланып отыр. Жол ұзындығы шамамен 7,5 шақырым болады, жол жүру уақыты – 15 минут. Шаттлдар әр 10 минут сайын қатынайды. Медеу мен Шымбұлақта жолаушыларды автобусқа отырғызу және түсіру үшін арнайы орындар, сондай-ақ автобустарға арналған тұрақтар қарастырылады», – деді Аршат Бахтыгереев.

Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, 15 электр автобустарын сатып алу, инвестор тарту мәселесі талқыланып жатыр. 

«Тауға кез келген автобус көтеріле алмайды. Дизельмен жүретін автобустарды қосқымыз келіп тұрған жоқ. Қазір электр автобустарын сатып алу мәселесі талқыланып жатыр. Жұмысты жыл соңына дейін аяқтаймыз. Қазақстанда қазір мұндай автобустар жоқ. Қытайдан алдыруымыз мүмкін», – деді Диханбаев.

Айта кетейік, Шымбұлақтағы аспалы жолдар профилактикалық жұмыстарға байланысты уақытша жабылды.

Сондай-ақ оқыңыз