Филиппинде мектеп оқушысы атыс шығарып, үш адам қаза тапты

Филиппинде мектепте болған атыстан үш адам қаза тапты. Қайтыс болғандардың бірі – шабуыл жасаған 16 жастағы оқушы, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Елдің Әлеуметтік қамсыздандыру және даму департаментінің ақпаратына сүйенсек, оқиға 18 қыркүйекте Банга қаласындағы ұлттық мектепте болған. Түстен кейін 16 жастағы жасөспірім көрші сыныптағы оқушыларға оқ атқан. Оған дейін ол достарына өзі бір нәрсе «жасағалы жатқанын» айтып, үйге өздерінің қайтуын сұраған. Алайда достары оның сөзін әзіл деп қабылдаған.
Атыстан кейін жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған. Оқиға салдарынан 14 жастағы ұл мен қыз да қаза тапты. Бұл туралы Оңтүстік Котабато губернаторы Рейнальдо Тамайо мәлімдеді.
AP агенттігінің хабарлауынша, кемінде 10 адам жараланған. Алайда департамент бұл ақпаратты растамады. Қазір зардап шеккендердің нақты саны анықталып жатыр.
Жарақат алғандардың барлығына медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
БАҚ мәліметінше, қару жасөспірімнің әкесіне тиесілі болған. Ол – Білім министрлігінің қызметкері. Сондай-ақ, оқушы атышулы қылмыстарды зерттеуге арналған «true crime» қауымдастығына мүше болған деген ақпарат тарады. Билік бұл мәліметті тексеріп, оның атыс оқиғасына қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.
Айта кетейік, осыған дейін Филиппин вице-президенті Сара Дутертені мемлекет басшысы Фердинанд Маркос кішіге қастандық жасайтынын айтып қорқытқан.