Алматыда қаруға ұқсас затпен адамдарды қорқытқан бес ер адам ұсталды

Алматыда көлікті тексеру кезінде полиция қызметкерлері қаруға ұқсас зат тапты. Оқиға барысында бес ер адам ұсталды, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, патрульдік полиция қызметкерлері Қабанбай батыр және Әуезов көшелерінің қиылысында Toyota Camry көлігін тоқтатқан. Машинаның салонында бес жас жігіт болған.
Көлікті тексеру кезінде полицейлер орындықтардың бірінің астынан тапаншаға ұқсас затты анықтап, тәркіледі.
Кейін белгілі болғандай, көлік тоқтатылғанға дейін жас жігіттер дүкендердің бірінің маңында өтіп бара жатқан адамдарға тиісіп, қаруға ұқсас зат көрсеткен.
«Қазір Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тексеру жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады ведомство.
Айта кетейік, осыған дейін 3 қыркүйекте Алматыдан Ақтауға ұшатын рейстегі жолаушы бомба туралы әзіл айтқаны үшін түсірілген еді.