Қырғызстанда министр заңсыз құрылыс ісі бойынша ұсталды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Қырғызстанда министр заңсыз құрылыс ісі бойынша ұсталды / Фото: mchs.gov.kg

Қырғызстанның бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Бообек Ажикеев қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Қырғызстанның Әскери прокуратурасы хабарлауынша, іс Байтек метеостанциясының аумағында заңсыз құрылыс жүргізуге қатысты. Тергеу барысында метеостанция аумағында жобалық-сметалық және рұқсат құжаттарынсыз қызметтік-тұрмыстық ғимарат салынғаны анықталған. Нысан Ала-Арча өзенінен небәрі бес метр жерде, құрылыс жүргізуге тыйым салынған су қорғау аймағында орналасқан.

Прокуратураның мәліметінше, Төтенше жағдайлар министрлігінің жауапты қызметкерлерінің әрекетінен мемлекетке аса ірі көлемде залал келген.

«Қырғызстан Қылмыстық кодексінің 337-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасады деген күдікпен бұрынғы төтенше жағдайлар министрі А.Б. ұсталды. Ол Бішкек қаласы ішкі істер бас басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген Әскери прокуратура хабарламасында.

Қазір тергеу жалғасып жатыр.

Бообек Ажикеев Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігін 2021 жылғы қазаннан 2026 жылғы ақпанға дейін басқарған. 16 ақпанда президент Садыр Жапаров үкіметтегі кадрлық өзгерістерден кейін оны қызметінен босатқан.

Айта кетейік, 2 шілдеде Бішкек соты Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Камчыбек Ташиевке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Ол билікті күштеп басып алуға әрекет жасады деген бап бойынша төрт жылға сотталды.

Сондай-ақ оқыңыз