Балиде жезөкшелікке қатысты рейд кезінде Қазақстан азаматы ұсталды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: Индонезияның иммиграциялық қызметі

Индонезияның Бали аралында вилланы тексеру кезінде Қазақстан азаматы ұсталды. Ол Нгурах-Рай иммиграциялық басқармасына жеткізіліп, қазір оның құжаттары мен елде болу жағдайы тексеріліп жатыр. Бұл туралы Индонезияның иммиграциялық қызметі хабарлады.

Қазақстандық азамат қай жерде ұсталды

Тексеру Умалас ауданындағы виллалардың бірінде жүргізілген. Иммиграциялық қызмет мәліметінде қазақстандықтың аты-жөні AS деп көрсетілген. Виллада онымен бірге Ресейдің үш азаматы болған.

Иммиграциялық қызметтің мәліметінше, төрт әйелдің де елде уақытша тұруға рұқсаты болған. Алайда Қазақстан азаматына қатысты нақты қандай заңбұзушылық күдікке ілінгені хабарланбады.

Рейд кезінде 13 шетелдік ұсталды

Умалас, Семиньяк және Чангу аудандарындағы рейдтер барысында барлығы 13 шетелдік – 12 әйел және бір ер адам ұсталған.

Рейд шетелдіктердің елде тұруға берілген рұқсаттарды жезөкшелікке байланысты қызметте пайдалануы мүмкін деген күдікпен жүргізілген. Иммиграциялық қызмет бұл ақпарат жергілікті тұрғындардың шағымдары мен интернеттегі мәліметтерді тексеру нәтижесінде алынғанын хабарлады.

Сонымен қатар ведомство Қазақстан азаматының мұндай қызметпен айналысқанын мәлімдеген жоқ.

Қазақстандыққа қандай жаза болуы мүмкін

Ұсталған шетелдіктердің барлығы қазір тексеруден өтіп жатыр. Нгурах-Рай иммиграциялық басқармасының басшысы Мухамад Новьяндридің айтуынша, тексеру нәтижесіне қарай депортациялау, бес жылға Индонезияға кіруге тыйым салу немесе қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралуы мүмкін.

Қазақстан азаматына қатысты әзірге нақты шешім жарияланған жоқ. Қазіргі уақытта Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ.

Тағы да оқыңыз: АҚШ-та заң бұзды деген күдікпен қазақ азаматшасы ұсталды.

Сондай-ақ оқыңыз