Синоптиктер Қазақстанның 6 қаласында ауа ластанатынын ескертті

20 қыркүйекте Қазақстанның алты қаласында ауа сапасы нашарлайды, деп хабарлайды Kursiv.Media. «Қазгидромет» мамандарының мәліметінше, бұған қолайсыз метеорологиялық жағдайлар себеп болып отыр.
Синоптиктердің мәліметінше, қолайсыз метеорологиялық жағдай Павлодар, Орал, Атырау, Ақтөбе және Алматы қалаларында, ал түнде Қостанайда күтіледі.
Мамандардың түсіндіруінше, қолайсыз метеорологиялық жағдай желдің болмауы немесе баяу соғуы, тұман және температуралық инверсия қатар орын алған кезде қалыптасады. Мұндай жағдайда зиянды заттар атмосфераның жерге жақын қабатында жиналып, ауа сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Синоптиктер мұндай кезеңдерде ауа ластануының адам денсаулығына кері әсер ету қаупі артатынын ескертеді. Бұл әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін маңызды.
Ауадағы ластану деңгейіне желдің жылдамдығы, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы мен температурасы әсер етеді.
Осыған байланысты мамандар тұрғындарға сақтық шараларын ұстануды ескертеді:
Ашық ауада спортпен шұғылданатындарға жаттығуды уақытша жабық ғимаратқа ауыстыру.
Көшеде, әсіресе көлік көп жүретін жол бойында жүру уақытын азайту.
Жүкті әйелдер, балалар мен қарттарға ұзақ уақыт серуендемеу.
Тыныс жолдары, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және аллергияға шалдыққан жандарға қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге ұстау.
Еске салайық, 20 қыркүйекте Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Қазгидромет мәліметінше, оңтүстік өңірлерде өрт қаупі жоғары болса, солтүстікте жаңбыр жауып, тұман түседі.