Оқу жылы басталғалы есірткі қылмысына қатысы бар 69 жасөспірім ұсталды

Оқу жылы басталғалы бері Қазақстанда есірткі қылмыстарына қатысы бар деген күдікпен 69 кәмелетке толмаған ұсталды. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі ата-аналарды балалардың мінез-құлқы мен араласатын ортасына мұқият назар аударуға шақырды, деп хабарлайды Kursiv.media.
Ұсталған жасөспірімдердің 40-ы есірткі өткізді деген күдікке ілінген. Тағы 27 жасөспірім есірткіні аса ірі мөлшерде сақтады деген күдікке ие болса, екі жасөспірім есірткіні жарнамалау және насихаттауға қатысты күдікке алынған. ІІМ мәліметінше, олардың 52-сі ұл, 17-сі қыз.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасының бастығы Бақытжан Әмірханов ата-аналарды балалардың бойынан кейбір өзгерістер байқалса, оған назар аударуға шақырды.
Оның айтуынша, жасөспірімнің кенеттен көп ақшаға немесе қымбат заттарға ие болуы, телефоны мен хат-хабарларын жасыра бастауы, сондай-ақ күмәнді скриншоттардың пайда болуы – назар аударуды қажет ететін белгілер.
Ведомствоның мәліметінше, полиция еліміздің мектептері мен басқа да білім беру ұйымдарында шамамен 16 мың профилактикалық іс-шара өткізген. Оның 5 мыңнан астамы педагогтер, психологтар және дәрігер-наркологтардың қатысуымен ұйымдастырылған.
Маман жасөспірімнің есірткі айналымына қатысы болуы мүмкін екенін көрсететін заттардың қатарына орамалар, пакеттер, изолента және электронды таразыларды да жатқызды.
Тағы да оқыңыз: ШҚО-да есірткіні арықтататын БАД ретінде сатып келген.