Си Цзиньпин осы аптада АҚШ-қа мемлекеттік сапармен барады

Қытай төрағасы Си Цзиньпин 23-25 қыркүйек аралығында АҚШ-қа мемлекеттік сапармен барады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Бұл туралы Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь дүйсенбі күнгі брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, сапар АҚШ президентінің шақыруымен өтеді.
Сапар барысында Си Цзиньпин мен Дональд Трамп Қытай-АҚШ қарым-қатынасына, сондай-ақ, әлемдегі бейбітшілік пен даму мәселелеріне қатысты пікір алмасады.
«Си Цзиньпин мен Дональд Трамп Қытай-АҚШ қарым-қатынасына, сондай-ақ әлемдегі бейбітшілік пен дамуға қатысты маңызды мәселелер бойынша терең пікір алмасады», – деді Го Цзякунь.
Дипломат мемлекет басшылары арасындағы дипломатия Қытай-АҚШ қатынастарын стратегиялық тұрғыда басқаруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Го Цзякуньнің айтуынша, Қытай АҚШ-пен бірге екіжақты қарым-қатынаста сындарлы стратегиялық тұрақтылықты нығайтып, диалог пен ынтымақтастықты арттыруға және келіспеушіліктерді тиісті деңгейде реттеуге дайын.
Бұған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамп ҚХР-ға жасаған мемлекеттік сапары барысында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен оның жұбайы Пэн Лиюаньді 24 қыркүйекте Ақ үйге келуге шақырғанын хабарлаған едік.
Еске сала кетейік, Дональд Трамп Қытайға соңғы 8,5 жылда алғаш рет сапармен барды.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин Бейжіңде келіссөз жүргізіп, Иран, Украина және Тайвань мәселелерін талқыға салған еді.