Жол қауіпсіздігі қалай бақыланады: полиция көліктерінің 87%-ында тиісті техника жоқ

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Полиция қызметкерлері / фото: polisia.kz
Фото: polisia.kz

Елдегі патрульдік автокөліктердің 86%-ында мобильді кешен жоқ. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов үкімет отырысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, соңғы жылдары жол қауіпсіздігін күшейту үшін цифрлық бақылау жүйелері белсенді енгізіліп жатыр. Соның нәтижесінде биыл жол-көлік оқиғалары 5%-ға, қаза тапқандар саны 15%-ға, жарақат алғандар 6%-ға азайған.

Алайда Сәденов бұл көрсеткіштермен шектелуге болмайтынын атап өтті.

«Әрбір санның артында – адам өмірі мен денсаулығы тұр. Сондықтан нақты жұмыстарды жалғастырып жатырмыз», – деді ІІМ басшысы.

Кей өңірлерде техникамен қамту 17%-ға да жетпейді

Ел бойынша патрульдік көліктердің саны 3 мыңға жуықтаған. Бірақ олардың тек 14%-ы ғана мобильді кешендермен жабдықталған.

Министр әсіресе 14 өңірдегі жағдайға назар аударды. Қарағанды, Қызылорда, Жетісу, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында патрульдік көліктердің мобильді кешенмен қамтылу деңгейі 17%-дан аспайды. Мұндай техника көліктің жылдамдығын бақылауға, іздеудегі машиналарды анықтауға және жол-көлік оқиғасы болған жағдайда қажетті ақпаратты жедел жинауға мүмкіндік береді.

Сәденовтің сөзінше, мобильді кешендер жергілікті бюджет есебінен сатып алынады. Алайда әкімдіктер бұл бағыттағы жұмысты барлық жерде бірдей белсенді жүргізіп отырған жоқ.

Айта кетейік, елдегі полиция бөлімшелерінде пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен мыңдаған қызметтік көлік әлі қолданыста жүр. Ведомствоның мәліметінше, ішкі істер органдарының балансында пайдалану мерзімі 7 жылдан асқан 9345 автокөлік бар. 

Сондай-ақ оқыңыз