“Айыппұл емес, қамау керек”: Бектенов түнде шулағандарға жазаны күшейтуді тапсырды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: ЖИ көмегімен жаслаған

Премьер-министр Олжас Бектенов түнде шу шығарып, елдің мазасын алатын көлік пен мотоцикл иелерін қатаң жазалауды талап етті.

Үкімет отырысында Бектенов Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтен түн тыныштығын бұзатын жүргізушілерге қарсы қандай шара қолданылып жатқанын сұрады.

«Көлік пен мотоцикл жүргізушілерінің, әсіресе түнгі уақытта қатты шу шығаруына қатысты қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Бұл мәселені біз сіздермен бірнеше рет талқыладық. Қатаңырақ шаралар қабылдау қажет. Өйткені түнде олар тұрғындардың тыныштығын бұзады», – деді Премьер-министр.

ІІМ басшысы полицияның тәулік бойы жұмыс істейтінін айтты. Оның сөзінше, құқық бұзушыларды анықтауға бейнебақылау камералары және азаматтардың 102 нөміріне түсіретін хабарламалары көмектеседі.

​«Жыл басынан бері осындай 372 факт тіркелді. Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 55 адам қамауға алынды. Автомобильдер мен мотоциклдер айыппұл тұрағына қойылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты күшейте түсетін боламыз», — деді Саденов.

Бектенов бұл мәселеде айыппұлмен шектеліп қалмауды тапсырды.

«Тиісті тапсырыс бұрын берілген. Мұндай жағдайларда айыппұл салумен шектелмей, құқық бұзушыларды міндетті түрде қамауға алу қажет», деп атап өтті премьер-министр.

Айта кетейік, Қазақстанда жол апаттарының саны азайғанымен, жол қауіпсіздігін бақылауға жауапты полиция көліктерінің басым бөлігі қажетті техникамен жабдықталмаған. Елдегі патрульдік автокөліктердің 86%-ында мобильді кешен жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз