Қазақстандық дәрі алғаш рет Еуропалық Одақ нарығына шығады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: Шымкент әкімдігі

Қазақстанда өндірілген дәрі алғаш рет Еуропалық Одақ нарығына экспортталды. Шымкенттегі «Химфарм» зауыты Болгарияға SIGLETIC 100 мг №28 препаратының 7841 қаптамасын жөнелтті деп хабарлайды Kursiv Media.

Препараттың құрамында ситаглиптин бар. Ол екінші типтегі қант диабетімен ауыратын ересектердегі қандағы глюкоза деңгейін бақылау үшін қолданылады. Өнімді «Химфарм» АҚ өндірген. Кәсіпорын халықаралық Polpharma Group құрамына кіреді және дәрілерін SANTO сауда белгісімен шығарады.

Компанияның Еуропа нарығына шығуына өндірісті жаңғыртып, халықаралық талаптарға сәйкестендіруі мүмкіндік берген. 2025 жылы еуропалық реттеуші органдар жүргізген инспекциядан кейін «Химфарм» Еуропалық Одақтың GMP талаптарына сәйкестік сертификатын алған.

Алғашқы партияны Болгарияға жөнелту рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, кәсіпорын басшылығы мен қызметкерлері қатысты.

«Отандық дәрі алғаш рет Еуропалық Одақ нарығына шықты. Бұл қазақстандық өндірістің халықаралық талаптарға сәйкестігін көрсетіп, экспорттық мүмкіндіктерге жаңа жол ашады», – деді Ғабит Сыздықбеков.

«Химфарм» кәсіпорнының тарихы 1882 жылдан басталады. 2011 жылдан бері ол Polpharma Group құрамында. Қазір зауытта 967 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын жылына 1 млрд данаға дейін қатты дәрілік препарат өндіре алады. Зауытта таблеткадан бөлек, инъекциялық және инфузиялық ерітінділер, ұнтақ антибиотиктер мен сұйық дәрілер де шығарылады.

Еске салайық, биыл қыста Польшаның ең бай миллиардері Ежи Старак «Химфарм» арқылы Қазақстанның дәрі-дәрмек өндірісіне 39,5 млрд теңге инвестиция салмақ екенін мәлімдеген. Осы қаражатпен компания өндіріс көлемін одан әрі арттыруды жоспарлап отыр. Бұл қаражат тек зауыт салуға емес, ғылыми зерттеулерге де бағытталмақ.

Сондай-ақ оқыңыз