Бектенов «ҚазАвтоЖол» компаниясының жұмысын сынға алды

Үкімет басшысы Олжас Бектенов «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының жұмысын сынға алды. Үкімет отырысында премьер-министр жолдардың сапасын арттыруды талап етті, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Бектенов компанияның басқарма төрағасы Дархан Иманашевқа тіл қатты.
«Баяндама жақсы. Бірақ шешілмей жатқан мәселелер өте көп. Олар туралы сіз айтпадыңыз. Президент айтқан олқылықтардың барлығы сіздің де жұмысыңызға да тікелей қатысты. Сондықтан сапаны арттырып, жолдардағы жағдайды түзеу қажет. Жұмыс істеңіздер, немесе басқа адамдар бұл жұмыспен айналысады «, – деп ескертті Бектенов.
Бұған дейін үкімет отырысында ішкі істер министрі Ержан Саденов қазақстандық жолдардың тек 16 пайызы ғана заманауи талаптарға сай келетінін хабарлаған еді.
Полиция жолдардың тиісті емес жағдайы үшін бес мың лауазымды тұлғаны жауапкершілікке тартты, оның ішінде «ҚазАвтоЖолдың» 345 филиал басшысы бар.
Бұдан бөлек, жолдарды тиісті түрде күтіп ұстамау фактілері бойынша төрт қылмыстық іс тергелуде.