Қазақстан жолдарында орташа жылдамдықты бақылайтын жүйелер көбейеді

Қазақстанның негізгі автожолдарында көліктердің орташа жылдамдығын өлшейтін бақылау жүйелері көбейтіледі. Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов ведомстваға осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Kursiv.media.
Үкімет басшысының айтуынша, ауыр жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі қала сыртындағы трассаларда болады.
«Автожолдардың басым бөлігі ескі стандарттар бойынша салынған. Олар екі жолақты, ені шамамен 7 метр. Көптеген учаскеде тиісті жол инфрақұрылымы қамтамасыз етілмеген. Жүргізушілер жолдың ақауларына, жарықтандырудың нашарлығына және навигация мәселелеріне шағымданады. Мұның бәрі жол қауіпсіздігі деңгейіне айтарлықтай әсер етеді», – деді Олжас Бектенов.
Ол анықталған ақаулардың тиісті деңгейде жойылмай жатқанын, ал жөндеу жұмыстарының жедел жүргізілмейтінін атап өтті.
Осыған байланысты премьер-министр Көлік министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қала сыртындағы трассалардың қолданыстағы жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіру бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.
«Жолдарды салу және жөндеу кезінде белгіленген стандарттардың қатаң сақталуын бақылауды күшейту қажет. Сонымен қатар негізгі автожолдардағы орташа жылдамдықты бақылау желісін кеңейтіп, лазерлік визуалды бағдарлау жүйелерін орнатуды ауқымды түрде енгізу керек», – деді Бектенов.
Сондай-ақ министр соңғы жылдары жол қауіпсіздігін күшейту үшін цифрлық бақылау жүйелері белсенді енгізіліп жатқанын айтты. Соның нәтижесінде биыл жол-көлік оқиғалары 5%-ға, қаза тапқандар саны 15%-ға, жарақат алғандар 6%-ға азайған.