Астана-1 вокзалындағы жөндеу жұмыстары қашан аяқталады

Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Астанадағы ескі вокзалдың жөндеу жұмыстары қашан аяқталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Айтуынша, жөндеу жұмыстары қазан айының соңына дейін аяқталады.
«Астананың ескі вокзалында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстарды аяқтап, нысанды қазан айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Жалпы жұмыс қарқыны жақсы. Вокзал ауданы 7 мыңнан 8,5 мың шаршы метрге дейін ұлғайтылады. Жаңартылған нысанды қазан айының соңында ашу жоспарланып отыр, – деді Жәнібек Тайжанов Үкіметте өткен брифингте.
Сондай-ақ журналистер «Нұрлы жол» вокзалындағы ұзаққа созылған жөндеу жұмыстары туралы сұрады.
«Вокзалда жыл сайынғы жөндеу жүргізіліп жатыр. Онда жаңғырту немесе реконструкциялау қарастырылмаған. Барлық жұмыстар бір ай ішінде аяқталады, – деп жауап берді вице-министр.
Айта кетейік, 2026 жылғы 20 тамыздағы жағдай бойынша, еліміздің 17 облысында 72 теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары аяқталды.