«Ұлттық қор – балаларға»: 366 мыңға жуық қазақстандық төлем алды

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 365 967 қазақстандық тұрғын үй жағдайын жақсарту және білім ақысын төлеу үшін төлем алған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қаржы министрлігі хабарлауынша, 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша бағдарлама қатысушылары жалпы 76,1 млн доллар пайдаланған. Оның 50,4 млн доллары тұрғын үйге, 25,7 млн доллары білім алуға жұмсалған.
Тұрғын үйге арналған төлемді 241 284 кәмелетке толған азамат, ал білім ақысын төлеуге арналған қаражатты 124 683 адам алған.
2026 жылы бағдарламаға қатысушы әр балаға 130,71 доллар есептелді. Бағдарлама іске қосылғаннан бері қатысып келе жатқан балалардың үш жылдағы жинағы инвестициялық табысты қоса есептегенде 370,56 долларға жетті.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы 2024 жылдан бері жұмыс істейді. Балаларға кәмелетке толғанға дейін жыл сайын Ұлттық қордың орташа инвестициялық табысының 50 пайызы есебінен қаражат есептеледі.
18 жасқа толғаннан кейін жинақ БЖЗҚ-дағы мақсатты жинақ шотына аударылады. Қаражатты Қазақстан аумағында тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе Қазақстанда және шетелде білім алуға жұмсауға болады.
Қатысушының бағдарламаға қатысатынын оның ЖСН-і арқылы kids.enpf.kz сайтынан, eGov.kz порталындағы жеке кабинетінен және Halyk пен Kaspi.kz қосымшаларынан тексеруге болады.
Айта кетейік, осыған дейін «Келешек» бағдарламасы аясында 2026 жылдың алғашқы жартысында бес жасқа толған 15 085 балаға бастапқы білім беру капиталы берілгенін жазған едік.