Семейде өрт кезіндегі жарылыстан екі адам зардап шекті

Семейде Сосновая көшесіндегі көлік жуу орнында болған ірі өрт толық сөндірілді. Оқиға салдарынан екі адам зардап шекті, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Төтенше жағдайлар министрлігінің нақтылаған мәлімет бойынша, 22 қыркүйек кешке көлік жуу орнының маңында газ-ауа қоспасы тұтанып, кейін газ тасымалдайтын көлік жарылған. Өрт бір қабатты көлік жуу ғимараты мен екі жеке тұрғын үйге тараған.
«Оқиға салдарынан екі адам күйік алып, ауруханаға жатқызылды», – деді ТЖМ.
Өртті сөндіруге ТЖМ, полиция департаменті, жедел медициналық жәрдем қызметі және «Зеленострой» ЖШС күштері жұмылдырылды. Барлығы шамамен 90 адам мен 30 техника тартылды.
Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Айта кетейік, осыған дейін Семейде Сосновая көшесінде көлік жуу орнында ірі өрт шығып, жалын жүк көлігі мен екі жеке үйге де тарағанын жазған едік.