Алматыда «Қазақфильм» кинематографиялық паркі салынады

Алматыда отандық кино өнеріне арналған жаңа қоғамдық кеңістіктің тұжырымдамасы әзірленіп жатыр деп хабарлайды Kursiv Media қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Қалалық Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының хабарлауынша, «Қазақфильм» паркі тұрғындар мен қонақтардың демалуына әрі қазақ кинематографиясының тарихымен танысуына арналған заманауи мәдени орталыққа айналмақ.
Жаңа кеңістікте ұлттық киноның әр кезеңін таныстыратын тақырыптық аймақтар, серуендеу аллеялары, балалар алаңы мен демалыс орындары бой көтереді. Сондай-ақ мұнда фильмдер көрсетуге, мәдени іс-шаралар мен тақырыптық кездесулер өткізуге арналған ашық амфитеатр салынбақ.
Келушілер елдің мәдени мұрасымен тек визуалды түрде емес, интерактивті әрі мультимедиялық инсталляциялар арқылы да таныса алады. Жаңа парк қала өмірі мен мәдениетті ұштастыратын негізгі демалыс орнының біріне айналады деген сенім бар.
Оқи отырыңыз: Алматыда ит-мысықтар қызыл кілеммен жүріп, костюмдер байқауына қатысты (фото)