Hyundai 5,4 мыңға жуық көлігін қауіпті орындықтарға байланысты кері қайтарды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Hyundai Ioniq 9, отзыв Ioniq 9, Hyundai Ioniq 9 отзыв, опасные кресла, электромобиль Hyundai, Hyundai, отзыв автомобилей
Фото: hyundai.com, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Hyundai АҚШ-та шамамен 5,4 мың Ioniq 9 электрлі кроссоверін екінші қатардағы жиналмалы орындықтарға қатысты ақауға байланысты кері қайтарып жатыр. Орындықты жинау кезінде электрлі механизм баланы немесе басқа бөгетті байқамай қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда орындық тоқтамай, күшпен жинала береді.

Бұл мәселе Hyundai үшін таныс жағдай. Бұған дейін компания осындай ақауға байланысты Palisade көліктерінің сатылымын тоқтатқан еді. Ақау АҚШ-та екі жасар баланың қаза болуына әкелген қайғылы оқиғамен байланысты болған.

Орындық қозғалысын тоқтатпауы мүмкін

Кері шақыру 2025 жылғы 17 наурыздан 2026 жылғы 4 мамырға дейін шығарылған 5360 Ioniq 9 көлігіне қатысты. Кері қайтарылатын көліктердің екінші қатарындағы орындықтары электрлі механизм арқылы жиналады.

Орындық жиналып жатқанда, электрлі механизм жолындағы бөгетті байқамаса, қозғалысын тоқтатпай, орындықты әрі қарай жинай береді. Соның салдарынан орындық өндіруші белгілеген қауіпсіз шектен жоғары күшпен қозғала беруі ықтимал.

Фото: hyundai.com, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Hyundai компаниясына көлік иелерінен бес шағым түскен. Оның екі жағдайында жеңіл жарақат алған болуы мүмкін екені айтылған. Компания Ioniq 9 орындықтарының құрылымы Palisade моделінде қолданылған жүйеден өзгеше екенін атап өтті. Олардың архитектурасы, электр қозғалтқыштары, бағдарламалық жасақтамасы және бөлшек жеткізушілері әртүрлі.

Мәселе бағдарламалық жаңарту арқылы шешіледі

Hyundai ақауға қатысты тексеруді 2026 жылғы наурызда бастаған. Жүргізілген сынақтардан кейін компания көліктерді кері қайтарып, орындықтардың электрлі механизмінің жұмыс істеу бағдарламасын өзгертуді шешті.

Көлік иелерінің бағдарламалық жасақтама нұсқасы тексеріліп, дилерлік орталықта жаңарту орнатылады. «Әуе арқылы» жаңартуды қолдайтын көліктерге түзету қашықтан жіберіледі.

Ресми хабарламалар 9 қарашадан бастап жіберіледі. Оған дейін Hyundai орындықтарды автоматты түрде жинау функциясын абайлап пайдалануды және балаларды орындықтардың қозғалу аймағына жолатпауды сұрады.

Айта кетейік, мұндай мәселе Ioniq 9 моделінде ғана кездесіп отырған жоқ. 2026 жылы орындықтардың электрлі механизмдеріндегі ұқсас ақауларға байланысты Kia Telluride және Cadillac Vistiq көліктері де кері қайтарылған.

Тағы да оқыңыз: Hyundai 2027 жылғы жаңа Bayon-ның дизайнын көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыз