Вандализм картасы: заңсыз граффитиге қарсы жаңа шаралар ұсынылды

Қазақстанда ғимараттардың қасбеттері мен қоғамдық орындарға рұқсатсыз граффити салудың алдын алу үшін жаңа шаралар енгізу ұсынылды. Бұл мәселе депутаттық сауалда көтерілді, деп хабарлайды KursivMedia.
Депутат Мейрамбай Кемалов премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында заңсыз граффити қаланың сыртқы келбетіне ғана емес, қоғамдық инфрақұрылымға да зиян келтіретінін атап өтті.
«Әдетте мұндай әрекеттер санаулы минуттың ішінде, көбіне түнгі уақытта жасалады. Құқық бұзушылар бетперде немесе капюшон пайдаланады. Негізгі нысандар – ғимараттардың қасбеттері, аялдамалар, жерасты өткелдері және басқа да қоғамдық орындар», – деді депутат.
Оның айтуынша, проблеманың негізгі себептерінің бірі – құқық бұзушыларды «ізін суытпай» анықтаудың қиындығы. Бұл өз кезегінде заңсыз әрекет жасағандардың жазадан құтылып кетуіне қатысты түсініктің қалыптасуына әсер етуі мүмкін.
Осыған байланысты депутаттар Ішкі істер министрлігіне «Вандализмге тәуекелді аймақтар» картасын құруды ұсынды.
Арнайы картада граффити мен өзге де вандализм фактілері жиі болатын аумақтар көрсетілмек.
«Вандализм қаупі жоғары аудандарды анықтап, сол жерлерде бейнебақылауды, патрульдеуді, жарықтандыруды және профилактикалық шараларды күшейту қажет», – деді депутат.
Сонымен қатар «Сергек» сияқты қолданыстағы цифрлық жүйелердің мүмкіндіктерін пайдаланып, бейнеаналитика мен тұлғаны тану технологияларын мемлекеттік жүйелермен интеграциялау ұсынылды.
Депутаттар рұқсатсыз граффитиге қатысты талаптарды да нақтылауды ұсынды. Атап айтқанда, ғимараттардың қасбеттері мен қоғамдық орындарға графикалық және басқа да бейнелерді өз бетінше салуға толық тыйым енгізу мәселесін қарастыру ұсынылды.
Алайда сауалда көше өнерін толық шектеумен қатар, заңды стрит-артты дамыту мәселесі де көтерілген.
«Жастар мен көше өнеріне қызығушылық танытатын суретшілер үшін арнайы алаңдар мен қабырғалар бөлінуі қажет. Бұл заңсыз граффитидің алдын алудың бір тетігі болуы мүмкін», – деді ол.
Жергілікті атқарушы органдарға заңсыз салынған суреттерді жедел өшіру немесе нысандарды бастапқы қалпына келтіру үшін арнайы топтар құру ұсынылды.
Депутат бұл шаралар қоғамдық кеңістікті қорғауға, заңсыз граффитидің алдын алуға және стрит-артты заңды форматта дамытуға бағытталуы тиіс деп санайды.
Осыған дейін ғимаратқа сурет салуға заңмен тыйым енгізілуі мүмкін екенін жазғанбыз.