Пәкістанда қарулы адамдар тапатал түсте министрді ұрлап кеткен

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Пәкістанда қарулы адамдар тапатал түсте министрді ұрлап кеткен / Фото: видеодан кадр

Пәкістанның Хайбер-Пахтунхва провинциясының коммуналдық шаруашылық министрі Фазал Шакур Ханды қарулы әрі бетперде таққан адамдар күндіз көлігінен күштеп алып кеткен, деп хабарлайды Kursiv Media. 

Жергілікті БАҚ ақпаратына сүйенсек, шабуыл жасағандар шенеуніктің көлігінің дөңгелектеріне оқ атып, кейін оны және қасындағыларды басқа көлікке отырғызып, оқиға орнынан ізін суытқан.

Оқиға Пәкістанның ірі қалаларының бірі әрі Хайбер-Пахтунхва провинциясының астанасы Пешаварға кіреберісте болған. Шабуыл сәтін куәгерлер видеоға түсіріп алған.

Алдын ала мәлімет бойынша, министр провинциялық парламент отырысына қатысу үшін Пешаварға бара жатқан. Өзі мүше «Әділет үшін қозғалыс» (PTI) партиясы оқиғаны «конституцияға, демократияға және халықтың мандатына жасалған тікелей шабуыл» деп атады.

Министрдің отбасы Пешавар сотына жүгініп, құқық қорғау органдарынан шенеунікті табуды және оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құруды талап етті.

Өтініш берушілердің айтуынша, егер министрді қандай да бір мемлекеттік құрылым немесе арнайы қызмет ресми айып тақпастан ұстаған болса, оны дереу сотқа жеткізіп, босатуы керек.

Айта кетейік, 18 қыркүйекте Пәкістанда жұма намазы кезінде жанкешті жарылыс жасап, 15 адам қаза тапқан.

Сондай-ақ оқыңыз