Бомба туралы әзілдеген Шымкент-Астана рейсінің жолаушысы 5 тәулікке қамалды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Бомба туралы әзілдеген Шымкент-Астана рейсінің жолаушысы 5 тәулікке қамалды / Фото: Polisia.kz

Шымкент-Астана бағытындағы рейстің жолаушысы жүгінде жарылғыш зат бар екенін айтқаннан кейін бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Оқиға 21 қыркүйекте Шымкент әуежайында болған, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Тіркеу кезінде мас күйде болған ер адам жүгінде жарылғыш құрылғы бар екенін айтқан. Осыдан кейін әуе компаниясының өкілдері жолаушыны рейстен түсіріп, көлік полициясының қызметкерлеріне тапсырған.

Тексеру барысында ақпарат расталмады. Жолаушының жүгінен жарылғыш зат табылған жоқ, әуежайда эвакуация жүргізілмеген.

Ер адам қоғамдық орында мас күйде жүргені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оған бес тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады.

Көліктегі полиция департаменті әуежайлар мен көлік нысандарындағы жарылғыш құрылғыларға қатысты немесе қауіпсіздікке төнген басқа да қатерлер туралы мәлімдемелер, тіпті әзіл ретінде айтылса да, заңда белгіленген тәртіппен қаралатынын ескертті.

Бұған дейін Алматы-Ақтау бағытындағы FlyArystan рейсінің жолаушысы бөгде сөмкеде бомба бар-жоғын сұрағаннан кейін ұшақтан түсірілген еді. Тексеруден кейін рейс шамамен екі сағат кешігіп ұшқан.

Сондай-ақ оқыңыз