9 әскери қайтыс болған Маңғыстаудағы оқу-жаттығу туралы не белгілі (видео)

24 қыркүйекте Қорғаныс министрлігі Каспий теңізінде тоғыз әскери қызметші қайтыс болғанын хабарлады. Қайғылы оқиға болған кезде оқу-жаттығу өтіп жатқан. Kursiv Media оның қандай жиын екенін анықтап көрді.
Оқу-жаттығуға 500 әскери қатысқан
Осыдан екі күн бұрын Қорғаны министрлігі Каспий теңізінің қазақстандық секторында оқу-жаттығу басталғанын хабарлаған. Жиын «Хазар қорғаны – 2026» деп аталған. Оған Әскери-теңіз күштері мен оларға бағынысты бөлімшелердің 500-ден астам әскери қызметшісі қатысып жатқан. Құрамында әскери кемелердің экипаждары, жағалау бөлімшелері, сондай-ақ Маңғыстау облысы бойынша ҰҚК Шекара қызметінің Жағалау күзеті мен Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің күштері бар.
Оқу-жаттығуға жауапты кім?
Министрлік мәліметінше, «Хазар қорғаны – 2026» оқу-жаттығуына Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы 1-ші дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков басшылық жасайды.
Ведомство хабарлауынша, қызметшілер теңізде бірлесіп жұмыс істеу, құтқару және қауіп төнген кезде қорғану бойынша жаттығу өткізген. Дрондарды анықтау және олардың шабуылына тойтарыс беру тәсілдеріне ерекше көңіл бөлінді. Одан бөлек әскери теңізшілер су астынан болатын шабуылдардан қорғану және маңызды нысандарды қорғау бойынша жаттыққан.
Әскерилердің өлімі туралы жаңалықтан кейін әлеуметтік желілерде қайғылы оқиға болған жерден түсірілді деген видеолар тарай бастады. Бейнені түсіріп тұрған ер адамның дауысы да «жай ғана оқу-жаттығу» болып жатқан дейді.
Видеода теңіз жағасында тұрған бірнеше әскери техника және ондаған әскери қызметшілер байқалады. Араларында тәртіп сақшысы мен азаматтық киімдегі тұрғындар да көзге шалынады.
Айта кетейік, бүгін, 24 қыркүйекте Қорғаныс министрлігі Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде 19 қазақстандық әскери қызметшіні Каспий теңізінің ағысы алып кеткенін хабарлады. Оның тоғызы қайтыс болған.
Бас Прокуратура Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу кезіндегі тоғыз теңізшінің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады.