Тоқаев «нағыз қазақ» және «шала қазақ» деп бөлетіндерді сынады

Қазақстан Халық кеңесінің алғашқы сессиясында президент Қасым-Жомарт Тоқаев урбанизация үдерісі мен қала мәдениетін дамыту мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысы қоғамды ауылда тұратын «нағыз қазақтар» мен қаладағы «асфальт қазақтары» немесе «шала қазақтар» деп бөлуге болмайтынын айтты.
«Өмірдің қызығы – қалада»
Президенттің айтуынша, Қазақстанда ауыл тақырыбына көп көңіл бөлінеді. Алайда әлемде урбандалу үдерісі жүріп жатқанын ескеріп, қала мәдениетін дамытуға да басымдық беру қажет.
«Біз ауыл туралы көп айтамыз. «Ауыл – халқымыздың алтын бесігі» деп әрбір жиында айтып жүреміз. Расында, бұл дұрыс. Бірақ қазіргі заманда бұл сөзді қайта-қайта айта берудің қажеті бар ма?! Бәрімізге белгілі, дүние жүзінде «урбанизация» атты жаһандық үрдіс болып жатыр. Бүгінде өмірдің қызығы – қалада. Бұл да шындық. Қазірдің өзінде біз қалада жиналып отырмыз. Сондықтан алдымызда тұрған маңызды әрі өзекті міндет: қала өркениетін дәріптеуіміз керек. Бұл істе өркениеттің озық талаптарына сай болуымыз қажет», – деді Тоқаев.
«Қоғамды екіге бөлуді доғаруымыз керек»
Мемлекет басшысы кейбір шығармаларда қалада тұратын жастарды ауылдан шыққандарға қарама-қарсы қою үрдісі бар екенін айтты.
«Біріншісі – қалаларда тұрып жатқан «асфальт қазағы» немесе «шала қазақ», екіншісі – нағыз ауыл қазақтары. Бұл дұрыс емес. Қазір қалаларда өмір сүріп жатқан жастарымыз қазақ мектептерінде қазақ тілінде сапалы білім алып жатыр. Сондықтан біртұтас халқымызды екіге бөлуді доғаруымыз керек. Мұндай әрекетті жасаудың ешқандай қажеті де, оған ешкімнің хақы да жоқ», – деді президент.
Жазушыларға қала тақырыбына көбірек көңіл бөлуді ұсынды
Тоқаев қала мәдениетін әдебиетте де кеңінен көрсету қажет деп санайды. Оның айтуынша, бұл бағытта әдеби байқаулар ұйымдастыруға болады.
«Осыған байланысты таяуда Мәдениет және ақпарат министрлігіне тапсырма бердім. Жазушылар арасында қала тақырыбына арналған әдеби сайыстар өткізуіміз керек. Бұл халқымызға, әсіресе, жастарымызға керек дүние болмақ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, президент қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды деген пікірді жеткізді.