«Қош болыңдар, бауырларым»: Димаш қаза болған жастардың ата-анасына көңіл айтты

Әнші Димаш Құдайберген Ақтауда қаза болған 18-19 жастағы жастарға қатысты көңіл айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Өнер иесі өрімдей жастардың қиылғанына қиналып, марқұмдарды «інілерім» деп атады.
«Біздің Ақтауда көз жұмған 18-19 жасар інілерімді қимай, жүрегім ауырып, айтуға сөз таба алмай отырмын. Балалық кезеңнен енді ғана шығып келе жатқан кезде жап-жас ғұмырлардың осылайша үзіліп кеткені…» – деп жазды Димаш Құдайберген.
Әнші қаза болған жастардың ата-анасы мен жақындарына көңіл айтып, Алладан сабыр мен күш тіледі.
«Інілерімнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Жандары жәннатта болсын», – деді ол.
Димаш Құдайберген елде мұндай қайғылы жағдай енді қайталанбауын тілеп, ата-аналарға балаларынан айырылу қайғысын көрсетпесін деп дұға етті.
«Ешбір ата-ана баласының артында қалмасын… Елімізде мұндай қасірет енді қайталанбасын», – деп жазды әнші.
Сөз соңында ол марқұм жастарға «Қош болыңдар, бауырларым…» деп көңіл айтты.
Бүгін елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні. Маңғыстаудағы әскери жаттығу кезінде 12 сарбаз қаза тапты.