Маңғыстауда әскерилердің қаза болуына байланысты жауапты тұлғалар күдікке ілінді

Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Бас прокуратура хабарлағандай, оқиға орнына қарап-тексеру жүргізіліп, 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынған. Сондай-ақ құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленіп, 12 сараптама тағайындалды.
Тергеу барысында қызметке салғырт қарады деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды.
Оларға метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті бақылау жүргізбеді және қажетті шараларды қабылдамады деген күдік келтіріліп отыр.
«Аталған тұлғалар құтқару жұмыстарын тиісінше ұйымдастырмаған. Тергеу мәліметінше, бұл әрекеттер адамдардың қаза болуына әкеп соққан.Тергеу барлық күдіктілердің әрекеттеріне толық құқықтық баға беріп, оларға қатысты тиісті процестік шараларды қабылдайды», – деп хабарлады Бас проккуратура.
Бүгін Қазақстан 12 сарбаздың қаза болуына байланысты аза тұтып жатыр.