Өзбекстандағы ақаудан Қазақстанның оңтүстік өңірлері жарықсыз қалды

25 қыркүйек таңертең Өзбекстанның энергетика жүйесінде ақау болып, салдарынан Қазақстан тұрғындарының бір бөлігі жарықсыз қалды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Көрші елдегі іркілістің республиканың энергожүйесіне неліктен әсер еткенін KEGOC компаниясы түсіндіріп берді.
Компанияның мәліметінше, таңғы сағат 05:02 кезінде Өзбекстанда 1516 мегаватт электр қуатын өндіру тоқтап қалған. Соның салдарынан Орталық Азияның ортақ тоқ желісінде кенеттен іркіліс пайда болды.
Осының салдарынан еліміздің Солтүстігі мен Оңтүстігін жалғап тұрған тоқ желісі ажырап, Қазақстанда 962 мегаватт электр қуаты жетіспей қалды. Дегенмен апаттан қорғайтын автоматты жүйе өз уақытында іске қосылып, дұрыс жұмыс істеді.
«Таңғы 05:43-те Қазақстан мен Орталық Азияның тоқ желілері қайта біріктіріліп, электр жүйесі бұрынғы қалпына келтірілді. Шектеулер алынып, жарық қайта берілді», – деп хабарлады KEGOC өкілдері.
Ірі блэкауттардың бірі 14 тамызда болған. Алматы қаласының барлық ауданы мен Алматы облысының он ауданында жарық кенеттен өшіп қалған.