Марқұм үш әскеридің мәйіті туған жеріне жіберілді

Каспийде оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан үш әскери қызметшінің мүрдесі арнайы рейспен туған өңірі – Орал қаласына жеткізілді. Арнайы рейс Орал әуежайына 25 қыркүйекте сағат 08:45-те жетті, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қала әкімдігі марқұмдар Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Ғилажды ақтық сапарға шығару және жерлеу рәсімі 26 қыркүйекте өтетінін хабарлады.
Әскерилердің қазасы
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Әскери-теңіз күштерінің Каспий теңізіндегі оқу-жауынгерлік тапсырмаларын орындау кезінде болды. Кенеттен көтерілген дауыл мен қатты желдің салдарынан 17 әскери қызметшіні теңіздің ағысы алып кетті.
Оқиға салдарынан сол күні 12 адам қаза тауып, үш адам құтқарылды. 25 қыркүйекте тағы екі әскери қызметшінің денесі табылып, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті.
Бас прокуратура Ақтау гарнизонында қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Әскери қызметшілер қаза тапқаннан кейін үкіметтік комиссия құрылып, төтенше жағдай орнына премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жіберілді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі «Ауыр салдарларға әкеп соқтырған қызметке салғырт қарау» және 465-бабы «Кеме жүргізу қағидаларын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қаза болған әскерилердің отбасыларына көмек көрсету үшін бірыңғай қор құрылды.