Алматы-Астана рейсі ұшудан бас тартқан жолаушының кесірінен кешікті

Алматыдан Астанаға бағыт алған FlyArystan әуе компаниясының рейсі жолаушының ұшудан бас тартуына байланысты кешіктірілді, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Компанияның баспасөз қызметі хабарлауынша, FS7337 рейсінің жолаушысы ұшудан бас тарту туралы шешім қабылдаған. Осыған байланысты авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес ұшақ қайта тексерілген.
«Қажетті рәсімдердің жүргізілуіне байланысты рейстің ұшуы кешіктірілді», – деп хабарлады FlyArystan.
Ал Telegram-дағы Kozachkov offside арнасы ұшудан бас тартқан жолаушы боксшы, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов болуы мүмкін екенін жазды. Арна мәліметінше, спортшы ұшар алдында ұшақтан түсіп қалған.
Алайда бұл ақпаратты әуе компаниясы ресми түрде растаған жоқ.
Айта кетейік, осыған дейін спортшы алкогольге тәуелді екенін мойындаған еді. Сондай-ақ ол Еркебұлан Тоқтарды жекпе-жекке шақырды.