Жаңаөзенге жаңа әкім тағайындалды

Сымбат Төретаев Жаңаөзен қаласының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Kursiv Media. Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметінше, Төретаевтың кандидатурасы Президент Әкімшілігімен келісілген. Оны қызметке облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың өкімімен тағайындаған.
Осыған дейін Сымбат Төретаев Қарақия ауданын басқарған. Ол бұл қызметке 2023 жылғы 19 мамырда тағайындалған.
Сымбат Төретаев кім?
Сымбат Төретаев 1978 жылғы 27 қаңтарда Маңғыстау облысының Жетібай ауылында туған. Ш.Есенов атындағы Ақтау университеті мен Алматы менеджмент университетін «Экономика және менеджмент», «Іскерлік әкімшілендіру» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2000 жылы Маңғыстау облысының ішкі істер органдарында бастаған. Жедел уәкіл және аса маңызды істер жөніндегі уәкіл болып жұмыс істеген.
2006–2010 жылдары коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтер атқарды. 2010–2014 жылдары Қарақия ауданындағы Мұнайшы ауылының әкімі болды.
2015–2019 жылдары Маңғыстау облысы әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс және терроризмге қарсы іс-қимыл бөлімін басқарды. Кейін, 2019 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың ақпанына дейін Қарақия ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2023 жылдан бері Қарақия ауданының әкімі болды. Соңғы рет ол 23 қыркүйекте аудан басшысы ретінде Жетібай ауылындағы абаттандыру жұмыстарын тексерген.
Жаңаөзенді бұған дейін Жансейт Қайнарбаев басқарған еді.