Маңғыстауда жаппай кадрлық ауыс-түйіс: бірнеше лауазым иесі ауысты

Маңғыстау облысында бірнеше кадрлық өзгеріс болды. Ербол Ізбергенов облыс әкімінің бірінші орынбасары, Бекбол Орынбасаров облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ал Қарақия ауданын басқарған Сымбат Төретаев Жаңаөзен қаласының әкімі болды. Сонымен қатар соңғы мәліметтер бойынша Ақтау қаласының әкімі де ауысты, деп хабарлайды Kursiv Media.
Ербол Ізбергенов
Ербол Ізбергенов Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ол 2025 жылғы қыркүйектен бері облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген.
Ізбергенов 1973 жылы Маңғыстау облысының Құрық ауылында туған. Еңбек жолын 1991 жылы «Маңғыстаумұнайгазбарлау» кешенді экспедициясында тас қалаушы болып бастаған. Кейін құрылыс саласында, Ақтау әкімдігінде және орталық мемлекеттік органдарда түрлі қызмет атқарған.
Ол Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары, Маңғыстау облысының құрылыс басқармасының басшысы, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы басқарма төрағасының орынбасары және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры болған. 2020–2023 жылдары Ақтау қаласы әкімінің орынбасары және қала әкімі қызметтерін атқарды. 2024–2025 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары да болған.
Экс-сенатор Бекбол Орынбасаров әкімдікке оралды
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметіне Бекбол Орынбасаров тағайындалды. Ол бұл өңірдің әкімдігінде бұған дейін де жұмыс істеген: 2021–2023 жылдары облыс әкімінің орынбасары, кейін бірінші орынбасары болған. 2023–2026 жылдары Парламент Сенатының депутаты әрі Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі қызметін атқарды.
Орынбасаров 1971 жылы Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында туған. Еңбек жолын 1993 жылы «Баутино» кеден бекетінің инспекторы болып бастаған. Кейін банк секторында, Ақтау әкімдігінде, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде және квазимемлекеттік секторда еңбек етті.
2020–2021 жылдары «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағын басқарған. Одан кейін қайтадан Маңғыстау облысы әкімдігіне келіп, әкім орынбасары және бірінші орынбасар қызметін атқарған.
Жаңаөзеннің әкімі ауысты
Жаңаөзен қаласының әкімі болып Сымбат Төретаев тағайындалды. Ол бұған дейін Қарақия ауданын басқарды. Аудан әкімі қызметіне 2023 жылғы мамырда келген. Жаңаөзенді бұған дейін Жансейіт Қайнарбаев басқарған.
Сымбат Төретаев 1978 жылы Жетібай ауылында туған. Еңбек жолын 2000 жылы Маңғыстау облысының ішкі істер органдарында бастаған. Кейін коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеп, Мұнайшы ауылының әкімі, Маңғыстау облысы әкімі аппаратындағы бөлім басшысы және Қарақия ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.
Ақтау қаласының да әкімі ауысты
Ақтау қаласының әкімі болып Мақсат Мұқаш тағайындалды. Ол бұған дейін Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген. Мақсат Мұқаш жаңа қызметіне 26 қыркүйекте тағайындалды.
Мұқаш 1991 жылы Жаңаөзен қаласында туған. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Дене шынықтыру және спорт», ҚАЗГЮУ-де «Құқықтану», сондай-ақ мемлекеттік және жергілікті басқару мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2013 жылы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі және еркін күрестен жаттықтырушы болып бастаған. Кейін Жаңаөзендегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде басшылық қызмет атқарды. 2019–2023 жылдары №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін басқарды. 2023 жылы Маңғыстау облысы әкімінің көмекшісі болып, кейін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметіне тағайындалған.
Бір күн бұрын тағы бір орынбасар тағайындалды
Маңғыстау облысы әкімдігіндегі кадрлық ауыс-түйіс бұған дейін басталған. 25 қыркүйекте Ғалымжан Ниязов облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ниязов бұған дейін Маңғыстау ауданын басқарған.