«АҚШ үшін қолайсыз»: Трамп Иранның ұсынысынан бас тартты

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның Ормұз бұғазын ашу және Таяу Шығыстағы әскери қимылдарды тоқтату туралы ұсынысын қабылдамады, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Тегеран бастаманы Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ассамблеясы аясында ұсынып, оны Қатар делдалдары арқылы АҚШ тарапына жеткізген. Иран тарапы келісім жасалған жағдайда бұғаз арқылы кеме қатынасын жеті күн ішінде қалпына келтіруге және өңірдегі әскери қимылдарды тоқтатуға дайын екенін айтқан.
«Мен олардың ұсынысын қабылдамадым. Олардың келісімінен бас тарттым», – деді Трамп Ақ үйде журналистерге.
Оның айтуынша, Иран ұсынған шарттар АҚШ үшін қолайсыз.
Иран АҚШ-тың Иран порттарына қатысты теңіз блокадасын алып тастауды, Тегеранның бұғатталған активтерін босатуды және Иран мұнайының экспортына салынған санкцияларды жеңілдетуді көздеген. Оның орнына Иран Ормұз бұғазын ашып, соның ішінде Ливандағы әскери қимылдарды тоқтатуға дайын болған.
Ормұз бұғазы әлемдегі мұнай тасымалының негізгі бағыттарының бірі. Оның жеті ай бойы іс жүзінде жабық болуы жаһандық энергия жеткізілімі мен әлемдік экономикаға кері әсер еткен.