Тоқаев жаңа Қорғаныс министріне нақты тапсырмалар берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде Қорғаныс министрі Айдос Қожахметовке елдің қорғаныс қабілетін нығайту, Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын күшейту және әскери басқару жүйесін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Мемлекет басшысы әскери қызмет қауіпсіздігіне баса назар аударды. Президент әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау барлық деңгейдегі қолбасшылық үшін негізгі басымдық болуы керек екенін атап өтті.
Президент кәсіби даярлықтың сапасын арттыру, әскери инфрақұрылымды дамыту, қару-жарақ пен техниканы жаңғырту, заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу жөнінде міндеттер жүктеді.
Сондай-ақ мемлекет басшысы сарбаздардың бойында жауапкершілік, тәртіп, Отанға адалдық қасиетін қалыптастыруға баса мән бере отырып, әскердегі тәрбие жұмысын күшейту қажеттігіне назар аударды.
Бұдан бөлек, әскери қызметшілер мен олардың отбасын әлеуметтік тұрғыдан қолдау мәселелеріне айрықша мән берілді.
Еске салсақ, Маңғыстаудағы 14 сарбаздың қазасынан кейін Дәурен Қосанов Қорғаныс министрлігінен босатылған еді.
24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілерді теңіз алып кетіп, 14 әскери қаза тапты. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, Үкіметтік комиссия құрылды. Қорғаныс министрлігінен бес лауазымды тұлға қамауға алынды.
Артынша Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізетін арнайы комиссия құрылды.