FIDE президенті Тимур Турлов: Ендігі мақсат – шахматты Олимпиада ойындарына кіргізу

Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті Тимур Турлов 27 қыркүйекте Самарқандта өткен 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының жабылу рәсімінде жаңа қызметіндегі алғашқы сөзін сөйледі. Ол ұйымның ортақ мақсаттарының бірі ретінде шахматты Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізуді атады.
Олимпиадаға қатысушылар мен ұйымдастырушылар алдында сөз сөйлеген Freedom Holding Corp. компаниясының бас директоры Тимур Турлов ұлттық федерациялар өзін FIDE президенті етіп сайлауын үлкен сенім әрі зор жауапкершілік деп атады.
«46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасын FIDE президенті ретінде жабу мен үшін үлкен мәртебе. Шахматқа және осы тарихи оқиғаға көрсеткен зор қолдауы үшін президент Шавкат Мирзиёевке, премьер-министр Абдулла Ариповқа, Өзбекстан үкіметіне, Өзбекстан шахмат федерациясына, ұйымдастыру комитетіне және FIDE командасына алғыс айтқым келеді. Осы Олимпиаданың өтуіне атсалысқан баршаңызға рахмет», – деді Тимур Турлов.
Оның айтуынша, FIDE алдында атқаратын жұмыс көп. Ол негізгі міндеттердің қатарында шахматты жаңа деңгейге көтеруді, ұйымды нығайтып, оның ашықтығын арттыруды, сондай-ақ ұлттық федерациялар үшін жаңа мүмкіндіктер жасауды атады.
«Біз ортақ мақсатымызға – шахматты Олимпиада ойындарына енгізуге қарай жылжитын боламыз. Осы қолдау үшін шын жүректен алғыс айтамын және маған жүктелген жауапкершілікті толық түсінемін», – деді FIDE-нің жаңадан сайланған президенті.
Тимур Турлов шахмат олимпиадасының Орталық Азияда алғаш рет өткізілуі өңірде шахматқа деген қызығушылықтың артуы аясында символдық мәнге ие екенін де атап өтті. Оның айтуынша, турнир нәтижелері «шахмат бумын» көрсетіп отыр, ал спорттық шара Өзбекстан мен Орталық Азияда шахматтың одан әрі дамуына жаңа серпін береді.
Сөз соңында FIDE басшысы жарысты ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс айтып, 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының ресми түрде жабық екенін жариялады.
Еске салайық, 2026 жылғы 26 тамызда Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов дауыс берудің екінші турында FIDE президенті болып сайланды. Сайлау ұйымның Бас ассамблеясы аясында өтті.
Бұған дейін Freedom Holding Corp. компаниясының бас директоры FIDE президенті болып сайланғаннан кейін қазақстандық шахматқа қолдау көрсеткені үшін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірген болатын.