BYD-ге сұраныс артты: қазақстандықтар гибрид көліктерді көбірек таңдай бастады

Қазақстандықтар соңғы уақытта көліктің жаңа түрлеріне көбірек қызыға бастады, таңдау да өзгеріп жатыр. 2026 жылдың қаңтар-тамызында елде қуатталатын гибридтер (PHEV) мен жүріс қоры ұлғайтылған электромобильдердің (EREV) сатылымы төрт есе көп өсті. Ал толық электрлі көліктердің (BEV) саудасы 74,8%-ға артқан. Бұл туралы «Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) мәлімдеді, деп жазады Kursiv.Media.
Классикалық гибридтерге (HEV) сұраныс айтарлықтай өзгермеген, олардың сатылымы бір жылда небәрі 6,2%-ға өскен.
NEV нарығы 3 еседен астам өсті
ҚАО дерегінше, қаңтар-тамыз айларында Қазақстандағы ресми дилерлер 6 003 NEV сатты. Бұл 2025 жылдың осы кезеңіндегі 1 953 көлікпен салыстырғанда 207,4%-ға көп.
Сатылымның негізгі бөлігін PHEV және EREV модельдері құрады. Олардың үлесі 4 351 көлікке немесе жалпы NEV нарығының 72,5%-ына жетті.
| Көлік түрі | 2025 жылғы қаңтар-тамыз | 2026 жылғы қаңтар-тамыз | Өзгеріс |
|---|---|---|---|
| PHEV + EREV | 1 008 | 4 351 | +331,6% |
| BEV | 945 | 1 652 | +74,8% |
| HEV | 1 209 | 1 284 | +6,2% |
Яғни сатып алушылар толық электрлі көліктерден гөрі, электрмен де, бензинмен де жүре алатын модельдерге көбірек қызығушылық таныта бастаған.
Неліктен гибридтерге сұраныс артты
ҚАО президенті Анар Мақашеваның айтуынша, сатып алушылар көлікті күнделікті пайдалану мен алыс жолға шығу мүмкіндігін қатар ескеріп отыр.
«Сатып алушылар көбіне күнделікті сапарға жарайтын электромобильдерді қарайды, бірақ алыс жолға шыққанда көлік құралын қалай пайдаланатынын ескереді. Сондықтан көбі қазір қуатталатын гибридтер мен жүріс қоры ұлғайған модельдерді сұрайды», – деді ол.
BYD NEV нарығында көш бастады
2026 жылдың алғашқы сегіз айында NEV нарығында BYD көш бастады. Ресми дилерлер брендтің 3 208 көлігін сатқан.
Одан кейін Geely Galaxy – 1 244, Li – 888 көлікпен тұр. Бестікті Zeekr – 214 және ROX – 131 автокөлікпен толықтырды.
Сонымен қатар тамыз айында BYD алғаш рет Қазақстандағы ең көп сатылатын ТОП-10 автокөлік қатарына кірді.
Қандай модельдер көп сатылды
Сегменттегі ең көп сатылған модельдер қатарында:
- Geely Galaxy EX5 EM-i – 1 205,
- BYD Song Plus DM-i – 1 196,
- BYD Song Plus EV – 576,
- BYD Chazor – 572,
- BYD Yuan Up – 555,
- Li L6 – 504 көлік.
Одан бөлек, Li L7 – 257, BYD Sealion 7 – 137, ROX 01 – 131 және Li L9 – 126 автокөлік сатылды.
Классикалық гибридтерде өсім аз
Ал бензинді немесе дизельді қозғалтқыш пен шағын батареяны біріктіретін классикалық гибридтердің сатылымы айтарлықтай өзгермеген.
Қаңтар-тамызда ресми дилерлер 1 284 HEV өткізді. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 1 209 болған.
Бұл сегментте Toyota – 1 208 көлікпен бірінші орында. Одан кейін Lexus – 63 және Porsche – 13 тұр.
Көліктердің айырмашылығы
PHEV – бензинді қозғалтқышы бар, бірақ аккумуляторын розеткадан немесе арнайы станциядан зарядтауға болатын гибрид.
EREV – дөңгелектерді электр моторы айналдырады, ал бензинді қозғалтқыш аккумуляторды зарядтайтын генератор ретінде жұмыс істейді.
BEV – тек электр қуатымен жүретін, іштен жанатын қозғалтқышы жоқ көлік.
HEV – батареясы сырттан зарядталмайтын, бензинді не дизельді қозғалтқыш пен электр моторы бірге жұмыс істейтін классикалық гибрид.
Тағы да оқыңыз: Қазақстандықтар Geely-дің гибрид көлігін көбірек таңдай бастады.