Астанадағы Үлкен Талдыкөлден жағымсыз иіс тарап жатыр – әкімдік не дейді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Үлкен Талдыкөлден жағымсыз иіс тарайтыны рас па / Фото: 2gis.kz

Астанада Үлкен Талдыкөлге жақын орналасқан үйлердің тұрғындары көлден шығатын жағымсыз иіске жиі шағымданады. Осыған байланысты қала әкімдігі жағдайға түсініктеме берді. Бұл туралы Астана әкімдігі Kursiv.Media-ға берген жауабында мәлімдеді.

Қала әкімдігінің мәліметінше, қазір Талдыкөлге тазартылған ағынды су жіберілмейді. «Астана су арнасы» мұндай суды ағызуды толық тоқтатқан.

«Қазіргі уақытта кәсіпорын Талдыкөл жинақтауышына тазартылған ағынды суларды ағызуды толықтай тоқтатты», – делінген жауапта.

Жағымсыз иіс Талдыкөлден тарамайды

Талдыкөлді тазарту жұмыстары 2017 жылы аяқталған. Көлдің түбі тұнбадан тазартылып, оның көлемі табиғи деңгейіне дейін азайтылған.

Сол себепті қала билігі жағымсыз иіс Талдыкөлден шықпайтынын мәлімдеді.

«Сәйкесінше, Талдыкөл жағымсыз иістің көзі болып табылмайды», – делінген хабарламада.

Су сапасы тұрақты тексеріледі

«Астана су арнасы» Талдыкөлдегі су сапасын әр тоқсан сайын тексеріп отырады. Мониторинг нәтижесінде судағы ластаушы заттардың мөлшерінен айтарлықтай ауытқу анықталмаған.

«Ластаушы заттардың концентрациясында айтарлықтай ауытқулар тіркелген жоқ», – делінген жауапта.

Сондай-ақ Талдыкөл аумағын болашақта абаттандыру жоспары бар-жоғын сұрап көрдік. Атап айтқанда, мұнда экопарк, саябақ, жаяу жүргіншілер жолы немесе жағалау аймағын жасау жоспары қаншалықты қарастырылғанын білмек болдық. Алайда бұл сұраққа жауап берілмеді.

Бұған дейін Кіші Талдыкөл аумағында экопарк салу жұмыстары 2026 жылы басталатыны айтылды. Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек негізгі жұмыс 2026 жылы жүргізіліп, нысандардың бір бөлігі 2027 жылға ауысуы мүмкін екенін айтты.  

Сондай-ақ оқыңыз