Шетелден көлік әкелетін кәсіпкерлер 48% кедендік төлемге наразылық білдірді

Қазақстанға шетелден көлік әкеліп жүрген кәсіпкерлер кедендік рәсімдеу тәртібінің өзгеруіне наразылық білдірді. Олардың айтуынша, жеке тұлғалар арқылы елге кіретін көліктерге бұрын қолданылған 15% кедендік баждың орнына 48%-дық бірыңғай мөлшерлеме қолданыла бастаған. Соның салдарынан шекарада жүздеген көлік рәсімделмей тұр. Кәсіпкерлер мәселе бойынша президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады, деп жазады Kursiv.Media.
Айта кетейік, жеке пайдалануға әкелінетін көліктерге арналған бірыңғай кедендік төлем мөлшерлемесі 48% немесе қозғалтқыш көлеміне қарай белгіленген ең төменгі мөлшерден есептелуі мүмкін. Бұл тәртіп бұрын қабылданған нормаларға негізделген.
Көліктер шекарада тұрып қалды…
Кәсіпкерлердің сөзінше, жаңа тәртіп енгізілгеннен кейін бірнеше күн бойы көліктерді кедендік декларациялау тоқтап қалған.
«Бір апта бойы кедендік декларациялау тоқтап тұр. Бізге келіп тұрған көліктерді кедендік рәсімдеуден өткізе алмай жатырмыз. Себебі 48% мөлшерлемемен рәсімдеу талап етіліп отыр», – дейді үндеу авторларының бірі.
Кәсіпкерлердің айтуынша, мәселе әсіресе Оңтүстік Корея сияқты үшінші елдерден көлік әкелетін шағын импорттаушыларға әсер етіп отыр.
Неге 15%-дан 48%-ға өзгерді
Импорттаушылар бұрын көліктерді 15% мөлшеріндегі кедендік бажбен рәсімдеп келгенін айтады. Олар бұл тәжірибені Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүшелігі аясындағы тарифтермен байланыстырады.
Кәсіпкерлердің пікірінше, қазір 2017 жылы қабылданған талаптарға сүйеніп, жеке тұлғалар әкелетін көліктерге 48% мөлшерлеме қолданылып жатыр.
«2018 жылдан бері біз көліктерді төмендетілген тарифтермен рәсімдеп келдік. Енді 48% мөлшерлемемен рәсімдеуді талап етіп отыр», – дейді кәсіпкерлер.
Алайда ДСҰ міндеттемелері мен ЕАЭО талаптарының арақатынасына қатысты нақты құқықтық түсініктеме мемлекеттік органдар тарапынан әзірге берілген жоқ.
Көлік бағасы қымбаттауы мүмкін
Импорттаушылардың айтуынша, кедендік төлемнің өсуі көліктің соңғы бағасына әсер етеді. Әсіресе шетелден арзан немесе орташа бағадағы көлік әкелетіндер үшін қосымша шығын артады.
Кәсіпкерлер бұл өзгеріс шағын импорт бизнесіне соққы болып, көлік бағасының өсуіне және нарықтағы сұраныстың төмендеуіне әкелуі мүмкін деп есептейді.
Кәсіпкерлер талабы
Кәсіпкерлер мемлекет басшысына жолдаған үндеуінде екі негізгі талап қойды. Біріншіден, кедендік рәсімдеу тәртібіне енгізілген өзгерістерді келесі жылға дейін тоқтатуды сұрайды.
Екіншіден, бес жылдан асқан көліктерді барлық талапты сақтай отырып кедендік рәсімдеуге және сертификаттауға мүмкіндік беруді талап етеді.
Сонымен қатар олар нарықтағы ережелер алдын ала жарияланып, кәсіпкерлер мен азаматтарға түсінікті болуы керек деп санайды.
«Кәсіпкерлер мен азаматтар көлік сатып алу мен импорттауды кенет өзгеретін талаптардан қауіптенбей жоспарлай алуы үшін ережелер түсінікті, ашық және алдын ала жариялануы қажет», – делінген үндеуде.
Әзірге кәсіпкерлер көтерген мәселеге қатысты мемлекеттік органдардың толық ресми түсіндірмесі жарияланған жоқ.
Бес жылдан асқан көліктерге қатысты не өзгерді
26 қыркүйектен бастап ЭПТС рәсімдеу тәртібі өзгерді. Министрліктің №474 бұйрығы осы күні күшіне енді. Құжатқа сәйкес, жеке тұлғалар әкелетін көліктерге электрондық паспорт бес жылдан аспаған жағдайда рәсімделеді.
Қолданыстағы өзгеріс ең алдымен ЭПТС рәсімдеуге және кейін көлікті тіркеуге әсер етеді. Ал бес жылдық шектеуді импорттың толық тыйымы ретінде бекітетін қосымша талаптар әзірге бөлек қаралып жатыр.