Қазаннан бастап елде не өзгереді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Қазанда қазақстандықтарды бірқатар өзгеріс күтіп тұр/фото: Делия Айдаралиева

Қазанда қазақстандықтар Республика күнін тойлайды. Осылайша азаматтарды тағы бір демалыс күні күтіп тұр. Одан бөлек оқушылар демалысқа шығып, президент халыққа жолдау жасайды. KursivMedia тілшісі қазаннан бастап елде қандай өзгеріс болатынын жинақтады.

Президент Жолдау жасайды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазанда Қазақстан халқына Жолдау жасайды. Жолдауда еліміздің алдағы даму жоспары айқындалады. 

Айта кетейік, бұған дейін президент қыркүйекте жолдау жасайтын.

Маңдайшаға қатысты жаңа ереже

Қазанда маңдайша қоюға қатысты жаңа ережелер қолданысқа енгізіледі. Енді кәсіпкерлер ғимараттар мен нысандарға маңдайша ілмес бұрын оның эскизін жергілікті атқарушы органдармен алдын ала келісуге міндетті болады.

Жаңа мемлекеттік қызмет жеке және заңды тұлғаларға тегін көрсетіледі. 

Өтініштерді республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың, облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың әкімдіктері қабылдайды. Құжаттарды жергілікті органның канцеляриясы арқылы да, eGov электронды үкімет порталы арқылы да тапсыруға болады. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі құжаттар түскен күннен бастап 4 жұмыс күнін құрайды.

Алматыда су тарифі өседі

Бірінші қазаннан бастап Алматыда су тарифі өседі. Бір текше метр су 178,06 теңге болады. Ал су бұру тарифі 119,46 теңге болып белгіленді. 

Су есептегіші жоқ үйлерде әр адамға ай сайын мынадай төлем есептеледі:

  • тұрмыстық қажеттілікке арналған су – 2670,90 теңге;
  • су бұру – 1791,85 теңге;
  • ыстық суды бұру – 376,29 теңге.

Есептегіші жоқ тұрғындар үшін төлем әр тіркелген адамға айына 15 текше метр су нормасы бойынша есептеледі. Бұл норма 2025 жылғы қаңтарда енгізілген.

Өңірлерде жылу беріледі

Шығыс Қазақстанда 1 қазаннан бастап тұрғын үйлерге, әкімшілік және өндірістік ғимараттарға жылу беріле бастайды. Оған дейін облыстағы әлеуметтік-мәдени нысандарға жылу беріледі.

Солтүстік Қазақстан облысында жылу беру қыркүйекте басталды. 26 қыркүйекте Ғабит Мүсірепов ауданында, 28 қыркүйекте Петропавл қаласы, Жамбыл және Мамлют аудандарында жылу берілетіні айтылды. Қалған аудандар 1 қазаннан бастап жылыту жүйесіне қосылады.

Елордада жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қалада жылу қазанның ортасында қосылуы мүмкін деп болжанып отыр.

Шаруаларға 5%-дық несие

Шаруаларға арналған «Кең дала 2» бағдарламасына өтінімдер 1 қазанда басталады. Несие мөлшерлемесі жылдық 5% болады.

Бағдарламаны Аграрлық несие корпорациясы қаржыландырады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер алған қаражатты жаңа маусымға дайындыққа, соның ішінде қажетті ресурстарды сатып алуға, техниканы жөндеуге және негізгі шығындарды жоспарлауға пайдалана алады.

Қаражатты:

  • екінші деңгейдегі банктер;
  • кредиттік серіктестіктер;
  • әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар;
  • «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалдары арқылы тікелей алуға болады.

Вакциналарды сақтау цифрлық форматқа көшеді

Вакциналарды қоймадан медициналық ұйымға дейін сақтау және тасымалдау жағдайларын автоматты түрде бақылауға арналған «Суық тізбек» жобасы қазаннан бастап енгізіледі.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, пилоттық жоба 2025 жылы Қарағанды облысында жүзеге асырылды. 1 қазаннан бастап жобаны бүкіл ел аумағында кезең-кезеңімен енгізу басталады. Жүйе еліміздің барлық өңіріндегі 3,5 мыңнан астам нысан мен 800 бірлік арнайы көлікті қамтиды.

Жұмыссыздық бойынша төлемнің мөлшері мен мерзімі қысқарады

Елде жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемнің мерзімі қысқарады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өзгеріс 1 қазаннан бастап пилоттық режимде енгізіледі.

Қазір міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан және тиісті талаптарға сай азаматтарға бұл төлем бір айдан алты айға дейін тағайындалады. 

2026 жылдың 1 қазанынан бастап төлемнің ең ұзақ мерзімі үш аймен шектеледі. Сондай-ақ жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшеріне шектеу қойылады. Ол жеті ең төменгі жалақының 45%-ынан аспауға тиіс. Қазір елде ең төмегі жалақы 85 мың теңге. Бұл соманы жетіге көбейтсек, 595 мың теңге шығады. Дәл осы соманың 45 пайызы 267 750 теңгеге тең. Яғни, жұмыссыздық бойынша берілетін төлем 267 мың теңгеден аспайды.

Мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады

Жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімі 2026 жылдың 1 қазаны аяқталады. 

Салықты мемлекеттік кірістер органдары мүліктің орналасқан жері бойынша есептейді. Тұрғын үй, пәтер, саяжай, гараж және автотұрақ сияқты жылжымайтын мүліктің бағалау құны салық базасы саналады. 

Мүліктің бағасы жоғары болса, салық мөлшерлемесі да соғұрлым өседі. Салық есепті жылдан кейінгі жылдың 1 шілдесіне дейін есептеліп, 1 қазанына дейін төленуге тиіс.

1 қазаннан кейін төленбеген әрбір күн үшін өсімпұл есептеледі. Борышкерге 30 жұмыс күн ішінде орындалуға тиіс хабарлама жіберіледі.

Заң бұзу жойылмаса және берешек 1 АЕК-тен (2026 жылы — 4 325 теңге) асса, іс сот орындаушыларына өтіп, банк есепшоты мен мүлікке арест қойылуы мүмкін.

Одан бөлек қазанда кәсіпкерлер мен салық төлеушілер бірқатар салық есептілігін тапсырып, міндетті төлемдерді аударуға тиіс. 15 қазанға дейін 2026 жылдың тамызы үшін акциз бойынша 400.00 нысаны тапсырылады.

20 қазанға дейін бірнеше есеп түрін тапсыру қажет. Олар:

  • 2026 жылдың қыркүйегі үшін тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы 328.00 нысаны;
  • жер учаскелерін пайдаланғаны үшін ағымдағы төлемдер сомаларының 851.00 нысаны;
  • қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы бойынша 870.00 нысаны.

Әуе рейстері

Air Astana әуекомпаниясы Біріккен Араб Әмірліктеріне қазаннан бастап қайта ұша бастайды. Бекітілген жоспарға сәйкес, Алматы – Дубай – Алматы бағыты бойынша ұшақтар 1 қазаннан бастап қатынай бастайды. Бастапқыда аптасына 4 рейс қарастырылса, айдың соңына дейін ұшу жиілігі аптасына 12 рейске дейін көбейеді. 

Ал Астана – Дубай – Астана бағыты 2 қазаннан бастап қайта ашылады. Бұл бағытта қатынайтын рейстер саны бастапқы аптадағы 3 рейстен қазан айының аяғында аптасына 10 рейске дейін артады.

2 қазаннан бастап FlyDubai әуе компаниясы Алматы – Дубай – Алматы бағыты бойынша жүк рейстерін орындайды.

Денис Тен атындағы турнир

7-10 қазан аралығында Алматыда мәнерлеп сырғанаудан халықаралық «Денис Тен мемориалы» атты турнир өтеді. 

Жарысқа әлемнің 25 елінен шамамен 150 спортшы қатысады. Олар ерлер және әйелдер арасындағы жекелей сырғанаудан, жұптық сырғанаудан және мұздағы биден бақ сынайды. Халықаралық турнир Halyk Arena кешенінде өтеді.

Шара қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, 2014 жылғы Сочи қысқы Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннің құрметіне ұйымдастырылады.

Оқушылар демалысқа шығады

Қазанда мектептерде бірінші тоқсан аяқталып, оқушылар демалысқа шығады.  

Бірінші тоқсаннан соң оқушыларға 7 күндік демалыс беріледі. Ол 2026 жылдың 26 қазаны мен 1 қарашасы аралығында өтеді.

Екінші тоқсанда да оқушылар 8 апта оқиды. 

Үш күндік демалыс

Қазан айында қазақстандықтар мереке мен демалыс күндерін қоса есептегенде 10 күн демалады. Республика күніне орай ел азаматтары бірнеше күн қатарынан демалады.

Республика күні биыл 25 қазан, жексенбіге түседі. Осыған байланысты бес күндік жұмыс аптасында демалыс күні дүйсенбіге ауыстырылады.

Осылайша:

  • бес күндік жұмыс аптасында – 24, 25 және 26 қазан, яғни сенбі, жексенбі және дүйсенбі күндері қатарынан үш күн демалыс;
  • алты күндік жұмыс аптасында – 24 және 25 қазан, сенбі және жексенбі күндері демалыс болады.
Сондай-ақ оқыңыз